Ақсуат ауданындағы Қарғыба су тоспасының құрылысы 2016-жылы басталып, сол күйі аяқсыз қалған еді. Содан бері өңірде көкөніс өсіру күрт тоқтап, мал азығы қымбаттады. Егін салып күнелтіп отырған диқандар тіпті кәсібін ауыстыруға мәжбүр болған. Стртегиялық нысанның құрылысы қашан жанданады? Әріптесім Ержан Жақып анықтады.


«Қарғыба су тоспасынан басталатын негізгі су магистралі осы. Құрылысы 9 жыл бұрын басталып тоқтап қалған. Салдарынан осы арнаның бойында орналасқан шаруашылықтар егін салуды тоқтатқан. Алқаптары кеуіп жатыр».

Сағи Белекбай диқаншылықпен айналысып, кезінде өңірді қажет көкөніспен, дәнді - дақылдармен қамтыған. Соңғы он жылдан бері егін салуды тоқтатқан. Қазір судың жоқтығынан 30-40 гектар жерге құнарлы шөп егіп, қолда бар малына қажетті азықты ғана дайындап алады.


«Кезінде жақсы жұмыс іздеп келе жатқан шаруашылықтардың көбі үмітін үзіп кетіп қалды. Өтірікке тойып болды бұл жерден енді. Жылда салынады дейді. Жылда жоқ. Жылда қыстың күні айтылады. Жазда жоқ. Жазтұрым халық өз күшіне сеніп, тасқын судан пайдаланып, аяғынан су алады».

Қарғыба су тоспасын қайта жаңғырту үшін 2016-жылы 407 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бірақ құрылыс жобасында кеткен қателік салдарынан орта жолдан тоқтаған. Содан бері тоспа магистралі арқылы келетін сумен суарылуы тиіс 4 мың гектардан астам алқап игерілмей құр босқа жатыр.


«Ол жерлерде 30-40 шаруашылықтың егістік жерлері бар. Бұл жерлерге Ақсуат, Екпін, Құмкөл ауылының диқандары егін еккен болатын. Қосымша 1,5 гектар суармалы егістікке көп жылдық құнарлы шөп, жоңышқа егілген болатын. Оның бәрі күйіп кетті. Су болмады себебі. Соның кесірінен көп шаруа қожалықтары игере алмай отыр».

«Қазсушар» мекемесінің басшылары биылдан қалдырмай халықтың тілегін орындаймыз, дейді. Гидронысанның жобасы қайта жасалып, қажет қаржы бөлінген. Жақын арада құрылыс жанданбақ.


«Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу процестері жүргізіліп жатыр. Оған қазір 377 миллион қаражат бөлінген. Мердігер аяқталғаннан кейін, биыл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады».

Абай облысында 64 гидронысан бар. Түгелі дерлік ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады. Қазір солардың ішінде тозығы жеткен 17 магистралдық арнаны қалыпқа келтіру үшін жоба жасалып жатыр.


Ержан Жақып, Серік Нұртаза