Қаланың келбеті көз тартып тұрғанға не жетсін. Шаһардың шырайы кіріп тұрса, келімді – кетімді меймандарға да әсер қалдырары анық. Облыс орталығы Семейдің көркін көркем ету күн тәртібіндегі мәселе. Биылдың өзінде 16 көпқабатты тұрғын үйдің сыртын жөндеу жоспарланған.
Жұмыстар кезең – кезеңмен жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Шәкәрім даңғылы, Селевин көшелеріндегі тұрғын үйлердің сырты жөнделуде. Кезекте Титов және Аманов көшелерінің үйлері тұр. Мамандар бояудың өңі оңайлықпен өшпейді дейді. Ал жөндеу жұмыстарының өзі бірнеше сатыдан тұрады.
ДИАНА ШАЯХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Қасбеттерді ағымдағы жөндеу – алдымен үйдің бетін тегістеуден, сылаудан, бояудан басталады. Бояу ауа райына төзімді. Қазір бірінші лот бойынша жұмыстар аяқталды. Шәкәрім даңғылы 152/160 мекенжайынан көруге болады. Сонымен қатар, жұмыстар Селевин, 16-да аяқталды. Сондай-ақ, Титов және Аманов көшелеріндегі үйлер жоспарланған. Тұрғын үй қатынасы заңының 10-тармағына сәйкес, жаңғырту жұмыстары орталықта немесе архитектуралық көрініс беретін магистральдық жолдарда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлерге арналған».
Көшедегі оң өзгерісті көзіқарақты тұрғындар да бірден байқаған. Қала келбетінің жақсарғанын семейліктер жылы қабылдауда.
ПІКІРЛЕР:
«Менің ойымша, бұл эстетикалық көрініс үшін қажет. Оның үстіне қазір бізде қала өсіп келеді. Көптеген жаңа үйлер салынуда. Біздің ескі үйлеріміз де сәйкесінше дұрыс көрінуі үшін».
«Әрине, бұл қажет. Сұлулық және өркениет көшімен дамыған дұрыс. Бір жағынан дұрыс. Мен мақұлдаймын».
«Бұл ғимараттарға өң береді. Менің ойымша, мұндай жұмыстарды жалғастыру керек. Қалада өзгерістер байқалуда».
«Әсемдік береді. Дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, Семей «серый город» болып кетті. Қазір ескі үйлерді кішкене бояп, жандандырып. Қаламыз ақырын көркейіп келеді».
Тұрғындар осындай жылы пікір айтуда. Жалпы, Семейдегі көппәтерлі үйлердің сыртын әрлеу 2022-жылы басталған. Әрлейтін мердігер ұйымдар байқау рәсімдер арқылы анықталады. Биылғы жөндеуге бюджеттен 120 миллион теңге бөлінді.
ДИАНА ШАЯХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Жөндеу жұмыстарын көбіне Шымкент және Алматы қалаларының мердігерлері ұтып алады. Биыл бізде осы аталған қалалардың мердігерлері бар».
Мердігерлер тарапынан міндеттемелерін толық орындамаған жағдайлар тіркелуде. Жұмысына жауапсыздық танытқандарды әкімдік сотқа берген.
ДИАНА ШАЯХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Кейбір үйлердегі бояудың қабыршықтанып түсіп жатқаны туралы біз де хабардармыз. Ондай мәселе Шәкәрім даңғылындағы, 35 мекенжайында бар. Бұл жұмысты Талдықорған қаласының мердігері орындаған. Сот біздің әрекетімізді заңды деп таныды. Оларға кемшіліктерді жою үшін шілде айының соңына дейін мерзім берілді. Жалпы, құзырлы органдар жауапсыз мердігер мекемелерді шілде айының соңына дейін кемшілікті түзеуге міндеттеді».
Мамандардың айтуынша, үйлердің сыртын жаңарту жалғаса береді. Мұндағы негізгі мақсат шаһар шырайын кіргізу.
Ерзат Жанатұлы