САБАНТОЙ — ЫНТЫМАҚ ПЕН ЕҢБЕКТІҢ МЕРЕКЕСІ
Семейде дәстүрлі мейрам - Сабантой кең көлемде тойланды. Халықтық мереке ұлттық ойындар, ән мен биден шашу шашқан концерттік бағдарламамен ерекшеленді. Ынтымақ пен еңбектің мерекесі Бейбітшілік аралында ұйымдастырылды.
Сабантойды көктемгі егіс жұмыстары аяқталған соң татар-башқұрт халқы тойлаған. Дәстүрге айналған Сабантой қазір де жаздың басында мерекеленеді. Шаруалардың дала жұмысы аяқталып, көңілдері жайланған уақыттағы қуанышты білдіреді. Биыл тамаша табиғат аясында Бейбітшілік аралындағы көңіл-күй де ерекше.
Мерекеде балуандар белдесіп, арқан тарту, қаппен секіру сынды өзге де қызықты жарыстар өтті. Той аспаздар байқауынсыз өтпейтіні белгілі. Қала тұрғындары түрлі дәмдерін дайындап әкелген. Байқаудан татар халқының ас мәзірінің түрлі тағамын кездестіруге болады.
АХАТ ВАЛИЕВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Маған әсіресе табақ бәліш ұнады. Ол асқабақтан дайындалады. Балам, бәліш қызыл бүргеннен жасалады, ол да ұнайды. Чакчактар да тіл үйіреді. Үй самсасы да , айта берсек бәрі өте дәмді.
Қазылар алқасының шешімімен Альфия Галиева дайындаған қолдама тағамы бас жүлдеге лайық деп танылды. Сабантой — еңбектің, достық пен бірліктің мерекесі. Ол түрлі этносты біріктіріп, ортақ құндылықтарды дәріптейді. Той қонақтарының арасында отбасымен келгендер аз емес.
РУСТАМ ГАБИТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Сабантой татардың мерекесі ғана емес, бұл күні бүкіл Семей осында жиналады. Барлығына бірлік тілейміз, өсіп- өркендеу беріңіздер.
ИЛЬШАТ ИШМҰХАМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл мерекеге жылда келеміз. Бізге өте ұнайды. Барлық этносты біріктіреді, ұлтқа бөлмейтін мейрам. Балаларымыз бүгін осында өнер көрсетеді. Олар татар өнер мектебіне барып жүр, өздеріне сондай ұнайды.
Қолөнер бұйымдарының көрмесі, сауда-саттық ұйымдастырылып, түрлі байқаулар ойнатылды. Үздіктерге бағалы сыйлықтар дайындалған. Биылғы мерекенің ерекшелігі жастарға басымдық берілген, дейді татар қоғамдық орталығының төрағасы.
ДЖАЛИЛЬ АХУНЖАНОВ - АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТАТАР ҚОҒАМДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Көбірек жастар қатысады, сахнада да жастар көп, өлкетанушылар, қолөнершілер барлық ұлттық орталықтар осы жерде. Мереке береке-бірлікпен тамаша өтіп жатыр.
Балаларға арналған арнайы алаңқайлар да ұйымдастырылды. Қонақтар татар-башқұрт халқының салт-дәстүрімен танысып, байқауларға таласа қатысты. Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев басты құндылық еліміздің бірлігі екенін жеткізе келе қонақтарды мерекемен құттықтады.