Семейге 6 бағыттан кіруге болады. Қалаға кірер жолдың бойына белгі орнату жоспарланып отыр. Оның жобасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде. Әріптесім Рүстем Қайратұлы стелла авторымен тілдесіп, көптің назарын аударған тақырыпқа тоқталады.

РҮСТЕМ ҚАЙРАТҰЛЫ ТІЛШІ
Семей. Қазір қаланың аумағын осындай белгілер көрсетіп тұр. Семей облыс орталығы атанып, мәртебе берілген соң қаланың кіре беріс жолдарына айшықты белгілер орнатылса, деген бастама көтерілген болатын. Бүгінге дейін осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды. Мамандардан білейік.

Семейге кірер жолардың бірінде белгі орнату үшін қалалық әкімдік 1-20 желтоқсан аралығында байқау жариялады. Мақсат Семейдің эстетикалық келбетін айқындайтын сәулеті мен келбеті келіскен белгіні таңдап, орнату. Байқауға 6 мекеме қатысып, 35 нұсқа ұсыныпты. Арнайы құрылған комиссия жиын өткізіп, үздігін таңдады. Дегенмен комиссия құрамының шешіміне айтылар сыни пікірлер көп болды. Бұрын-соңды Семейге кірер жолда еңселі белгі болмағандықтан да бұл тақырып көпшіліктің назарын бірден аударды. Халық әлеуметтік желіде пікірлерін қарша боратты.

НҰРЖАН ЕСЕНЖОЛОВ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Комиссия таңдап алған стелла осы. Бұл тек қана эскизі яғни жобасы. Бұл ертең пайдаланылады деп айтылмайды біріншіден. Екіншіден өзіңіз айтып өткен әлеуметтік желідегі пікірлер міндетті түрде ескеріледі. Кейбіреулер айтады стелладаға «қош келдіңіздер!» деген сөзді горизантальді жазайық немесе ою өрнек, қарлығаш салайық деген сияқты пікірлер бар. Ұтып алған автор оның бәрін жасауға болады дейді.

Байқауды ұтып алған SK-art шығармашылық бірлестігі. Жоба авторымен байланысқа шықтық. Оның айтуынша стелланың биіктігі 10 метр, ені 2-5 метр. Белгінің сыртқы қабаты арнайы өңделген металдан жасалады. Айқастырылып жасалған қабырғалар 3D әсерін беретін көрінеді. Гея Островская жобаның артықшылығын атап өтті.

ГЕЯ ОСТРОВСКАЯ SK-ART ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл стелланы жасау кезінде замануи дүние болғанын ойластырдық. Кеңес одағындағыдай сәулеттік белгі болғанын қаламадық. Әдемі көрінгенін қаладық. Бірнеше шақырымнан, келе жатқан адам қай қалаға келгенін анық байқайтындай болуы керек деп түсіндік. Яғни стелла күндіз де, түнде де айқын көрінетін болады.

Қалалықтардың пікіріне кезек берсек:

Ұнады енді. Егер орнатса осы дүниені қолға алса өте жақсы дүние ғой негізі.Ұнады маған
Стилі ұнамайды. Тігінен тік тұр нені білдіреді екі айыр нәрсе. Ұнамады. Біздің Семейге лайықты болуы керек. Біз Ұлы Абайдың еліміз.Сондықтан бізде бәрі дұрыс болуы керек. Сондықтан стиліне дұрыстап қарау керек-
Әйбәт сияқты.Жақсы. Орнатсын
Біздің Семейге керек емес ондай, әр адам қалаға келе жатқанын біледі ғой, одан да сол ақшаға гүл суғарып, немесе ақшаны керек нарсеге жұмсамай ма.
РҮСТЕМ ҚАЙРАТҰЛЫ ТІЛШІ
Жаңа стеллаға қатысты халықтың пікірі сан алуан. Сәулеттік белгінің ерекше стилін ұнатып жатқандар да, керісінше бұдан гөрі қаланың мәдени ерекшелігін көрсететін басқа дүние керек деп санайтындар да бар. Дегенмен, комиссия өз таңдауын жасады. Алдағы уақытта Семейге кірер жолда жолаушыларды осындай жаңа белгі қарсы алады. Бірақ бұл түбегейлі нұсқа емес. Яғни белгіге ою-өрнек салынып, жазулары өзгеруі мүмкін.


РҮСТЕМ ҚАЙРАТҰЛЫ