Бүгінгі таңда Қазақстан өңірлерінде қоқыс шығаруға арналған жаңа тарифтер бекітілуде. Еліміздің 150-ге жуық қаласы мен аудандары қалдықтарды шығарудың жаңа бағаларын белгілеп үлгерді. Абай облысында тариф өзгере ме? Экология және табиғи ресурстар министрлігі коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы атап өткендей, 2021 жылдың шілдесінде күшіне енген жаңа экологиялық кодекске сәйкес Қазақстанда қоқыс шығару тарифтері қайта қаралуда. Тариф қалдықтардың пайда болуы мен жинақталу көлемін жан басына шаққандағы мөлшеріне сай есептеледі. Құнын жергілікті өкілді органдар бекітеді. Бұл тұрғыда қалдықтарды жинау, тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың нақты шығындары ескеріледі.
АБЫЛАЙ АЛМҰХАНОВ-ҚР ЭТРМ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
бүгінгі күні бізде ҚР аумағы бойынша осы тарифтерді қайта қарауға тиіс 207 аудан мен қала бар, олардың 150-ге жуығында тариф қайта қаралды, Иә, негізінен қоқыс шығару бағасы өсті. Себебі бұл тарифтер талай уақыт бір орында тұрған. Орташа есеппен 5-6 жыл өзгермеген. Тарифтер кейбір аймақтарда 18, 19, 20 жылдары бекітілгенімен жанар-жағармай бағасының өсуі, жалақы және басқа шығындар ескеріле отырып, баға қайта қаралуда.
Айта кету керек, Семей қаласында қоқыс шығаруға арналған тариф әзірге бұрынғыша қалады, ал Курчатов қаласында тарифтерді бекіту бойынша жұмыс аяқталу сатысында тұр.
АЙНҰР АҚМЫРЗА-АБАЙ ОБЛЫСЫ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
бүгінгі күні бізде тарифтер Семей қаласында, содан кейін 3 ауданда бекітілді, Курчатов қаласында тарифті бекіту бойынша жұмыс аяқталу сатысында, олар әлі бекітілмеген. Бүгінгі күні Семей бойынша тариф көп қабатты үйлерге 420 теңге, меншік үйлерге 489 теңге. Әзірге қаладағы тарифті көтеру көзделмеген.
Барлық дамыған елдерде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес көзі. Соның нәтижесінде әртүрлі қайталама шикізатты алуға болады. Мысалы, қағаз қалдықтарынан картон және дәретхана қағазын, ал ескі авторезинаны жол төсеуге қолданады. Бірқатар елдерде баламалы электр көздері қалдықтардан алынады, бұл экологиялық жағдайды және халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. Біздегі жағдай басқа. Әр көктемде қоқыс үйінділерімен алысып, онымен бірге қазына қаржысы шашылады. Ал қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі әзірге қарастырылуда.
АБЫЛАЙ АЛМҰХАНОВ-ҚР ЭТРМ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Абай облысы бойынша қайта өңдеуге қатысты жоспар бар. Әкімдіктен бұл жобаның қажет екенін ресми растау керек, жоба инвестормен пысықталды, экономикалық моделі бар. Жоба ары қарай өнеркәсіпті дамыту қорына осы жобаның операторына жіберіледі. Жалпы, көптеген өңірлер жобаны қолға алып, жұмыс істеуде деп айта аламыз, делегациялар қазірдің өзінде "Жасыл даму" құрамына кіріп, осы жобаларды пысықтап жатыр.
Қоқыспен күресті әркім өзінен бастау керектігі белгілі. Қоқыс шашылмаса, шығын да жоқ. Қоршаған орта тазалығы ұқыптылыққа, мәдениетке байланысты. Сала мамандары тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.