СЕМЕЙДЕ МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Семей қаласында жаңа рухани нысан – 5000 адамға арналған мешіттің құрылысы басталды. Ол Semey Smart City ықшам ауданында бой көтереді. Ол ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» акциясы аясында салынып жатқан алғашқы нысан.
Жаңа мешіт тек құлшылық орны ғана емес, сонымен қатар қаланың дамып келе жатқан ықшам ауданның сәулеттік келбеті ерекше ғимараты болмақ. Онда 5000 адамға арналған құлшылық залы, сондай-ақ іс-шараларға арналған жеке бөлмелер болады. Жоба қоғамдық қор мен демеушілердің қаржысы есебінен салынады. Құрылыс 2028 жылы аяқталып қалады. Құрылыстың басталуына арналған шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Абай атамыздың жеріне, «Абайға құрмет» акциясының аясында үлкен бір жоба болайын деп тұр. 5000 орындық деген – жай мешіт емес, сол себепті Алла Тағала берекесін берсін. Осы азаматтар басқасында жүрген, атсалысып жатқан азаматтардың барлығына Алла Тағала күш-қуат берсін. Соны осы жерде барлығымыз бірігіп, ашылуын жасап жатайық.
Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов бұл жобаның өңір үшін аса маңызды рухани оқиға екенін жеткізді.
АСҚАР МҰҚАНОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
Бұл – тарихи әрі қуанышты сәт. Мешіт рухани, мәдени және тәрбиелік құндылықтарды біріктіретін болады. Ата-бабаларымыз мешітті тек құлшылық орны емес, тәрбие, ізгілік, бірлік пен ағартушылық орталығы ретінде салған. Сондықтан бұл нысан – жақсылық пен руханияттың, елдің бірлігінің символы болады. Бұл мешіт – үлкен тарихи, мәдени, рухани құндылықтарды ұштастыратын ерекше жоба.
Жобалық жоспар бойынша мешіт мұнарасы 60 метр биіктікте болады. Сәулеті ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестірмек. Құрылыс компаниясының өкілі Арман Тұғаевтың айтуынша, барлық құжаттар рәсімделген.
АРМАН ТҰҒАЕВ – ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ
Осы құрылысымызды Берік Уәлиұлы ағамыздың бастауымен, ол кісі осы Абай өңіріне, оның ішінде Семей қаласына, осындай үлкен мешіттің қажет екенін айтып, үндеу жасаған. Біз бір топ азамат болып, осы 5000 адамдық мешіттің құрылысын бастауға бел будық. Көріп отырғандарыңыздай, соңғы 1 айда біраз жұмыстар атқарылды. Алла қаласа, құжаттардың барлығы реттеліп жатыр, жақын арада белсенді құрылыс басталады.
5000 адамдық мешіт аймақтағы ең ірі имандылық үйі болады. Ол рухани құндылықтарды сақтау және Абай облысы тұрғындарының бірлігін нығайту жолында қызмет етпек.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА