СЕМЕЙДЕ СУ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА
Семейде «Семей Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қарамағандағы нысандарға арнайы баспасөз турын өткізді. Оған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің өкілдері, депутаттар және қалам ұстаған қауым қатысты. Қатысушыларға кәсіпорын өкілдері биыл инвестициялық бағдарлама аясында атқарған жұмыстарын таныстырды.
Баспасөз туры мына суды жинайтын, қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін нысаннан басталды. «Семей су арнасы» мекемесінің техникалық директоры Ербол Қасеновтың айтуынша, мұнда ескі ағаш электр бағаналары заманауи темірбетонға ауыстырылып, сымдар изоляциялы, суыққа төзімдісіне алмастырылған. Мамандардың айтуынша, бұл апаттық жағдайларды анағұрлым азайтуға мүмкіндік береді.
ЕРБОЛ ҚАСЕНОВ, «СЕМЕЙ СУ АРНАСЫ» МКК ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
«Су электр желілеріне тәуелді, яғни бізде бұл су алу станциясының 1-ші көтерілімі мен 2-ші көтерілімі болып табылады. Егер жарық сөнсе, сорғылар тоқтайды. Сәйкесінше су беру тоқтайды. Енді, бағаналар ауысқаннан кейін бізде апаттық өшірулердің саны азаяды деп есептейміз».
Инвестициялық бағдарламаның бір бағыты тек сумен қамтамасыз ету ғана емес, қала орталығындағы кәріз жүйесін де жаңарту. Фрунзе және Абай көшелері бойында құбырлардың диаметрін ұлғайту жоспарланған. Қала орталығындағы кей жобалар бірқатар себепке байланысты кешеуілдеп тұр.
ЕРБОЛ ҚАСЕНОВ, «СЕМЕЙ СУ АРНАСЫ» МКК ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл жобаны құбыр диаметрін ұлғайту үшін қарастырдық. Алайда, біз халыққа ыңғайлы болу үшін қалада барлық жерде асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Яғни, жобаның бір бөлігін орындадық. Ал қалған бөлігі орындалмай қалды. Өйткені, жаңа асфальт төселген жерлерді қазуға рұқсат берілмей жатыр».
Абай облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Мейр Мадиев нысандардағы жұмыстарға пікір білдірді. Оның айтуынша, баспасөз турының мақсаты — халыққа тарифтер арқылы түсетін қаражаттың қайда бағытталып жатқанын көрсету және олардың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын анықтау.
МЕЙР МАДИЕВ, ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Су, кәріз жүйелері деген ол күнделікті адам қолданатын ғой енді. Сондықтан, өз көзімен қандай жұмыстар істеліп отыр, соны халыққа жеткізу. Себебі, халық тариф арқылы ақша төлейді, ол ақшасы қайда кетіп жатқанын бәрін біліп отыруы тиіс.
Департамент мамандарының сөзіне сүйенсек, егер кәсіпорын бекітілген инвестициялық міндеттемелерді толық көлемде орындамаса, қаражат тұтынушыларға тарифтің төмендеуі арқылы қайтарылатын болады. Баспасөз туры кәсіпорынның болашаққа арналған жоспарларымен таныстырған учаскелердің бірінде аяқталды. «Семей Су арнасы» кәсіпорнының мамандары қалаға инженерлік желілерді дамытуға арналған кешенді жоспар қажет деп есептейді. Бұл коммуналдық қызметтердің, жол салушылардың және құрылысшылардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ