«Семей медицина университетінің» оқу-клиникалық орталығында қарқынды терапия симуляциялық палатасы ашылды. Бастама білім беру қызметтерін әлемдік стандарттарға сай жетілдіруге және болашақ медицина мамандарын даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған бағдарлама аясында қолға алынды.

Жаңа палата денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлау мен тәжірибелік денсаулық сақтаудың қажеттіліктерін ескере отырып ашылды және университеттің білім беру бағдарламаларын жандандыру бойынша стратегиялық мақсатына сай келеді. Сондай-ақ, оқу орнының жаһандық білім беру рейтингтеріндегі орындарын бекемдеуге сеп болмақ, бұл бастама.

АЛТАЙ ДЮСУПОВ, «СЕМЕЙ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» КеАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОР

Бүгін біз жедел медициналық көмек көрсетуге арналған симуляциялық кабинетты ашып отырмыз. Бұл кабинет практикалықө дағдыларды меңгеру үшін арнайы манекендер және тренажерлармен жабдықталған. Бұл бөлмеде тек университет студенттері ғана емес, сонымен қатар практикалық денсаулық сақтау дәрігрелері, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушулер және т.б. жаттыға алады. Тәжірибелік дағдыларды меңгеру нақты өмір жағдайында жедел медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Реанимация – медицинаның аса маңызды саласы. Бұл бағытта тер төккен әр дәрігер санаулы минуттарда шешім қабылдай білуі керек. Қателікке жол жоқ. Су жаңа симуляциялық жабдықтар білім алушыларға жүрек-өкпе реанимациясы мен интубациядан бастап, дефибриляторды қолдану мен емделушіні қарқынды терапия қондырғыларына қосуға дейінгі құтқару дағдыларын жоғары деңгейде игеруге мүмкіндік береді. Жаңа палатаның ашылуына орай симуляциялық оқыту саласында тәжірибесі мол ресейлік маман шақырылған.

АНАТОЛИЙ ВЕРЕВКИН, СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУ БОЙЫНША САРАПШЫ (РЕСЕЙ)

Резиденттер, интерн-дәрігерлер және дипломнан кейінгі медициналық білім алушылар үшін бұл – күрделі медициналық жағдайларда көмек көрсету бойынша кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған таптырмас симуляциялық құрал. Соңғы екі күн бойы оқытушылар жіне резидент-дәрігерлермен шұғыл медициналық көмекті қажет ететін түрлі клиникалық жағдайлар бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілуде. Қатысушылардың қызығушылығы жоғары, барлық оқу процесі практикалық форматта жүзеге асырылып жатыр. Сабақтарда жоғарғы тыныс жолдарының өтімділігін қамтамасыз ету, дефибрилляция жасау, өкпені жасанды желдету, тыныс алу жолдарын протекциялау тақырыптары талқылнадаы. Яғни, шұғыл жағдайға түскен пациентке медициналық көмек көрсету алгоритмдерінің толық кешені пысықталып жатыр.

Жаңа палата заманауи құралдармен және робот-симуляторлармен жабдықталған. Бұл студенттер мен дәрігерлердің сырқаттарды емдеу дағдыларын шынайы клиникалық тәжірибеге барынша жақындатылған жағдайда пысықтауға жол ашады.

НҰРБЕК АМАНБАЕВ, АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ ЖӘНЕ РЕАНИМАЦИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ РЕЗИДЕНТІ

 Бұл роботтар арқылы көп нәрсені үйретуге болады. Яғни, тек қана анестезиология және реанимация бойынша ғана емес, кардиология, хирургия, торакальды хирургия, люмбальды пункция жасауға болады және алғашқы көмек көрсетуге болады. Сондай-ақ, адамда шоқ болған жағдайда шұғыл көмек көрсетуге болады. Яғни, программмаларға соның барлығы кіргізілген.

Симуляциялық оқу жас мамандарды шұғыл шешім қабылдауға бейімдеп, топтасып жұмыс істеу қабілетін дамытпақ. Оқу барысында-ақ күрделі жағдайларда әрекет етуге дағдылынған болашақ мамандар осы тәсілдерді болашақта өз тәжірибелерінде еркін пайдалана алады.

ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК