Қазақстанда жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке байқаудан тыс орналаса алады. Яғни, мемлекеттік грант негізінде білім алып, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса жастар аудандық және ауылдық деңгейдегі басшы емес қызметтерге тікелей тағайындалады. Абай облысында 30-дан астам жас еңбек жолын бастап үлгерді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңірде қазірге дейін 33 түлек байқаудан тыс іріктеусіз жұмысқа орналасқан. Оның 14-і биылғы жылы. Жоба Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асырылуда.

РУСЛАН ШАРИПОВ-МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

Егер азамат жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс негізінде, яғни грант негізінде оқып, оның орташа баллы, GPA дейміз қазіргі таңда, 3,33 және одан жоғары болатын болса, 1 жылдың ішінде диплом алғаннан кейін олар мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындала алады. Бұл жерде айта кету керек бұл мемлекеттік лауазымдар ауылдық және аудандық деңгейдегі басшы емес лауазымдар. Яғни ешқандай конкурстық рәсімдердің қажеті жоқ. Бірден егер жас түлек қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін болса, онда сол лауазымға тікелей тағайындала алады.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жастардың қатарында Айым Ережепова мен Балауса Төлеухан бар. Екеуі де университетті жоғары көрсеткішпен тәмәмдап, қалаған қызметтеріне орналасты.

АЙЫМ ЕРЕЖЕПОВА- ЖАҢАСЕМЕЙ АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Университет қабырғасының соңғы курсында оқып жүргенде әлеуметтік желіден мемлекеттік қызметке GPA көрсеткішімен қабылдануға болатынын біліп, оқуымды аяқтай салысымен қажетті құжаттарымды жинақтап мемлекеттік қызмет істері агенттігінің көмегімен Абай облысы Жаңасемей ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалдым. Қазіргі таңда университет қабырғасында алған білімімді ел игілігіне пайдаланудамын. Мемлекеттік қызмет ол тек үлкен кәсіби сала, тек құжаттармен ғана жұмыс емес, сонымен қатар ол халықпен бірге тікелей тілдесіп, олардың мәселелерін шешіп, бағыт-бағдар көрсететін абыройлы міндет деп санаймын.

БАЛАУСА ТӨЛЕУХАН- ЖАҢАСЕМЕЙ АУДАНЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Мен мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды жер саласы бойынша бастадым. Менің жұмысым университет қабырғасында алған білімім мен дағдыларымды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Біліктілікті ұдайы арттыруға мүмкіндік бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша енгізілген өзгерістер бізге осындай жағдай жасап отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық мемлекеттік аппаратты жас кадрлармен толықтырып қана қоймай, өңірлердегі кадр тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, жастарды мемлекеттік қызметке белсенді түрде тартуды көздеп отыр.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА