Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданында игі бастамалар жалғасуда. Қарауыл төбеде «Абай елі» атты монументалды стелла бой көтеріп, халыққа салтанатты түрде таныстырылды. Сәулеттік нысан демеушілер қаржысына салынған.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай тұрғызылған еңселі стелла ой мен рухтың көркем өрнегі іспетті. Биіктігі 12 метрге жететін, салмағы 8 тонна тартатын бұл туынды мүсінші Нұрбол Қалиевтің қолтаңбасы. Ескерткіш төрт тұғырдан құралған, әрқайсысы - терең мағына мен ұлттық болмыстың айшықты белгісі. Қауырсын қалам - өлең сөздің құдіреті, қалқан - ерлік пен айбардың белгісі, домбыра - қазақ рухының үні, ақ бесік - ұлыларды тербеткен қасиетті ұйық. Ескерткіштің шыңында бейбіт өмірдің жаршысы - қарлығаштың бейнесі орын алған. Бұл елдің амандығы мен аспанның ашық боларына деген үміттің нышаны.
НҰРБОЛ ҚАЛИЕВ-«АБАЙ ЕЛІ» МОНУМЕНТАЛДЫ СТЕЛЛА АВТОРЫ
Бұл идея жан-жақтан қолдау тауып, осындағы жергілікті азаматтардың белсенді атсалысуы мен бейжай қарамауының арқасында жүзеге асты. Ақыл-кеңес берген ағаларымыз да болды. Жергілікті билікте жүрген азаматтар, басшылықтағы жігіттер бар – бәрі бірігіп, ортақ ойды пісіріп, толғанып, осы дүниені өмірге әкелді. Бұл ескерткіштің жасалуы шамамен 2,5–3 ай уақыт алды. Алайда, оның идея ретінде пісіп-жетілуіне жарты жылдан астам уақыт кетті.
Мерейтойлық бастамалар мәдениет үйінде жалғасты. «Абай тойы – бірліктің жемісі» атты мазмұнды басқосуда мерекеге қолдау білдірген демеушілерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы төсбелгілер салтанатты түрде табысталды. Сахна төрінде «Қаламқас» ән-би ансамблі өнер көрсетіп, көрермен көңілін тербеп, жиналған қауымды қуанышқа бөледі.
ДАНИЯР БЕКЕНҰЛЫ-МЕЦЕНАТ
Осы тойға үлкен демеушілік көрсетіп, қолдан келгенін аямай, туған елге, туған жерге тағзым ретінде үлес қосқан азаматтар бар. Кешегі күні Семейде басталған жоба – сол игі істің бастамасы болса, бүгінгі таңда ол Абай елінде жалғасын табуда. Бұл тойдың өтуіне ерекше атсалысып жатқан – осы қасиетті мекеннің айбарлы, асқарлы азаматтары. Міне, бүгін Абай елінің төрінде сол азаматтардың бәрі – әрқайсысын, ел үшін еңбек еткен азаматтар мен азаматшаларды марапаттап жатыр. Әрбір еңбектің бағалануы – үлкен қуаныш. Осындай дүбірлі тойларымыз көп болсын!
Қайырымдылық іс те назардан тыс қалған жоқ. Жергілікті кәсіпкер Ақан Абдильдин тұрмысы төмен 40 отбасыға 40 бас жылқы берді.
МЕЙІРЖАН СМАҒҰЛОВ- АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз қашанда зекет, малдың садақасы – «ұрпағым өсіп, елге игілік болсын» деген ниетпен таратылатын аманат деп білеміз. Осы мақсатта былтырдан бастап зекет малын тарату ісі қолға алынған еді. Былтыр өзі туған ауылына 120 бас жылқы таратып, үлкен игілікті іс жасаған болатын. Бұл елге, ауылға деген жанашырлықтың көрінісі. Сол бастаманың қайырын тілеп, биыл да аудан орталығы – Қарауылға келіп, 40 бас жылқы таратып отыр. Мал алған азаматтар мен көпбалалы аналардың қуанышында шек жоқ. Олар шынайы ризашылықтарын білдіріп, ағамызға ұзақ ғұмыр, мол денсаулық тілеп жатыр. Алдағы уақытта бұл игі бастама облыс орталығында да жалғасын тапса деген ниеті бар.
Хакім Абайдың 180 жылдығына орай өткізілген бұл мерекелік бастамалар тойдың нақты іспен, игі қадамдар арқылы көрініс тапқанын айғақтады. Абай мерейтойы тек ән мен күйге емес, ел игілігіне бағытталған нақты жұмыстармен ерекшеленіп, рухани салтанат пен әлеуметтік қолдаудың үйлесімді үлгісін көрсетті.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА