Беларусь астанасы Минск қаласында Янка Купала атындағы мемлекеттік әдеби музейінде Абайдың «Жидебай - Бөрілі» музей – қорығының арнайы көрмесі ашылды. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» деп аталған көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көрме өңір мәдениетіндегі елеулі оқиға әрі халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды.
Көрме Қазақ – Беларусь мәдени қарым – қатанасын жаңа деңгейге көтерді деуге болады. Оның үстіне, екі елдегі музейлер арасындағы ынтымақтастық та тереңдей түсті. Янка Купала атындағы мәдеби музей директоры Анна Галинскаяның айтуынша, Хакім көрмесін өткізу арқылы қос тараптың әріптестік байланысы беки түскен.
АННА ГАЛИНСКАЯ, ЯНКА КУПАЛА АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ӘДЕБИ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Екі елдің ұлы тұлғалары шынымен де өз ұлттары үшін қашан да биік. Себебі, оларды өз халқына қызмет етуге бағытталған биік миссия біріктірді. Өз шығармаларында олар әр жүрекке, қоғамға үн қатты, олардың туындыларына өз тарихы, дәстүрлері және халқы терең енген. Олар ұлтын жан – тәнімен сүйген ұлы тұлғалар».
Экспозицияда Абайдың түпнұсқа шығармалары, тұрмыстық заттары мен ақынның рухани және шығармашылық мұрасына байланысты 50-ден астам жәдігер қойылды. Сирек басылымдардағы Ұлы ақынның шығармалары, жеке заттары, ол оқыған медреседегі кітаптар, картиналар, архивтік құжаттар беларустардың қызығушылығын туғызған. Жәдігерлер өзге елде алғаш рет көрсетіліп отыр. Абай музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаеваның айтуынша, көрменің идеясы бір жыл бұрын Ресейдің Ясная Поляна қаласында өткен ТМД елдерінің әдеби музейлер конференциясында пайда болған. Сол жерде Янка Купала атындағы музеймен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
МЕЙРАМГҮЛ ҚАЙРАМБАЕВА, АБАЙ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз сол көрмені ұйымдастыруға, бізге үлкен көмек жасаған, осы біздің еліміздің Қазақстанның Беларусь еліндегі елшілігі. Бізге үлкен көмек жасап, көрменің ашылуына бірнеше елдің елшілері қатысып, біздің елшіміз сол жерде сөйлеп, жалпы, Абай шығармашылығын кең көлемде атап өтудің тағы да бір көрінісі ретінде осы көрмені айтуға болады.
Музей мамандары бұл үлкен мәдени диалогтың тек басы ғана, дейді. Келесі жылы Қазақстанда Беларустың мәдени күндері өтеді. Оның аясында Белорусь тарапынан көрме өткізу жоспарланған.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ