Қазақ баспа ісінің бастауында «Жәрдем» баспасы тұр. Республика күні қарсаңында Семей қаласында баспаның 115 жылдығына арналған ғылыми отырыс өтті. Онда отандық баспа ісінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі дамуы жайы кеңінен сөз болды.

Ғылыми отырыстың мақсаты - ел тәуелсіздігі мен баспа тарихын сабақтастыра отырып, ұлттық ғылым мен мәдениетті насихаттау. Тарихшылардың айтуынша, «Жәрдем» баспасы - қазақ елінде алғашқылардың бірі болып кітап басып шығарған, Шәкәрімнің еңбектері жарық көрген тарихи баспа.

ТҰРДЫҒҰЛ ШАҢБАЙ- ШӘКӘРІМ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Ойлана келе, осы жерде дөңгелек үстел өткізуді жөн көрдік және оны ғылыми отырыс деп атадық. Бұл жай ғана әңгіме емес, 115 жылдық тарихы бар, қазақ елінің рухани дамуына үлес қосқан алғашқы баспа жөнінде сөз қозғау. Баспа дегеніміз тек кітап шығару ғана емес, ол ғылым мен білімді тарату құралы. Басты мақсатымыз – осы баспа ісін қалай насихаттай аламыз, болашақта оны қалай дамытамыз деген мәселелер төңірегінде ой бөлісу. Сонымен қатар, Республика күніне орай қандай ірі басылымдар мен кітаптар шығара аламыз, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды жүйелеу. Міне, осы мақсатта жиналып отырмыз.

«Жәрдем» баспасы - қазақ баспа ісінің қалыптасуында айрықша рөл атқарған мәдени институт. ХХ ғасырдың басында татар ағайындылар Ниғматуллиндердің бастамасымен Семейге баспа станоктары әкелініп, 1910 жылы «Жәрдем» серіктестігі өз жұмысын бастаған. Сол уақыттан бастап мұнда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары, Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша оқу кітабы», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» еңбегі және басқа да танымал авторлардың шығармалары жарық көрген.1915 жылы бұл баспадан қазақ және татар тілдерінде тұңғыш күнтізбе басылып шығып, ұлттық баспа мәдениетінің дамуына жол ашқан.

МАДИЯР НАСЫРОВ- ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ, ТАРИХШЫ

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «Жәрдем» баспаханасы дағдарысқа ұшырайды. Соның салдарынан Садық Ниғматуллин баспахананы сатуға мәжбүр болады. Сол кезеңде Алаштың рухани астанасы атанған Семейде ұлт тағдырына алаңдаған бір топ зиялы азаматтар, қоғам қайраткерлері, соның ішінде белгілі меценат Қаражан Нүкібайұлы бұл баспахананы сатып алып, Алаш идеясына қызмет ететін орталыққа айналдыру қажет деген ұйғарымға келеді. Осылайша, 1916 жылы баспахана тарихи деректерге сүйенсек, 11 мың рубльге сатып алынып, Алаш Орда игілігіне беріледі. Сол кездері бұл баспаханада бірқатар маңызды басылымдар жарық көреді. Алайда 1917 жылғы төңкерістен кейін елімізде орын алған саяси өзгерістер мен қиындықтар салдарынан баспа ісі тағы да тоқырауға ұшырайды. Соған қарамастан, баспахана толық жойылып кеткен жоқ. Бүгінде ол тарихи мұра ретінде сақталып, Семей қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухани-мәдени құндылығы ретінде дәріптеліп келеді.

Ал қазіргі «Жәрдем» баспасының директоры Айдар Ғалиарыстанұлы бұл баспа ісінің қайта жанданып, бүгінде жас ғалымдар мен ақындардың еңбектерін жарыққа шығарып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, «Жәрдем» баспасы тарихи сабақтастықтың символы.

АЙДАР ҒАЛИАРЫСТАНҰЛЫ- «ЖӘРДЕМ» БАСПА КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Біз «Жәрдем» баспасын, кезінде Шәкәрім атаның еңбектеріне, Алаш арыстарының шығармаларына қызмет еткен, қазақ руханиятына үлес қосқан осы тарихи баспаны 2000-жылдардан бастап қайта жаңғыртуды қолға алдық. Оны қайтадан «Жәрдем» баспасы деп атап, тек атауын ғана емес, рухын да жаңғырттық десек болады. Қазір мұнда төңкеріске дейінгі түпнұсқа басылымдар, яғни сол дәуірдегі «Жәрдем» баспасының өнімдері сақтаулы. Сонымен қатар, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жетістігі ретінде жаңғырған «Жәрдем» баспасының қазіргі өнімдері де қатар қойылған. Бұл – тарихи сабақтастықтың жарқын үлгісі.

Осылайша, ғасырдан астам тарихы бар «Жәрдем» баспасының мерейтойы Республика күнімен үндесіп, ел егемендігі мен рухани мұраның сабақтастығын айқындай түсті.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА