Семей – қазақ футболының бастау алған қасиетті мекені. 1913 жылы құрылған «Ярыш» командасы елімізде футбол ойынының іргесін қалап, алғашқы қадамдарын жасады. Бүгінде «Елімай» футбол клубы оның ізін жалғастыруда. Команда жанкүйерлерін әсерлі ойындары, жарқын жеңістерімен қуантып келеді. Облыс әкімі клуб ойыншыларымен кездесуінде алдағы матчтарға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Берік Уәлиұлы «Елімай-М» жастар командасының ойыншыларын қабылдады. Биыл команда Екінші лиганың Солтүстік-Шығыс конференциясында табысты өнер көрсетіп, 37 ұпай жинап, үздік үштікке енді. Аймақ басшысы футболшылар мен бапкерлер құрамын осы жетістіктерімен құттықтап, алдағы ойындарға сәттілік тіледі. «Бар-жоғы екі маусым ішінде Екінші лиганың алдыңғы қатарлы ұжымдарының бірі атану -бұл жүйелі дайындықтың, еңбекқорлық пен бірлік рухының айқын көрінісі. Біз Қазақстан футболының алтын бесігі екенімізді іс жүзінде дәлелдеп келеміз,- деді облыс әкімі. «Елімай-М» ойыншылары жыл сайын ел біріншілігінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жетекші орындарға үміт артуда.

МЕЙІРЖАН ЖҰМАДІЛОВ- «ЕЛІМАЙ-М» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ

Осы жылы біз Шығыс конференциясында 3-орын иеленіп, қола жүлдегер атандық. Осы жетістігіміз үшін бүгін бізді әкімшілік арнайы марапаттады. Келесі маусымға дайындықты дәл бүгіннен бастап кеттік. Енді тек алға жылжып, үздіксіз еңбек етуіміз керек. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы маусымда біздің тактикамыз өзгеріп, соның арқасында турнирлік кестеде жоғары орынға көтеріле алдық.

Кездесу барысында облыс әкімі жанкүйерлер қозғалысының ардагері- Саят Сарсенбиновке, сондай-ақ «Елімай ФК» АҚ директорлар кеңесінің мүшелері Асқар Ұранхаев, Серік Байғалиев пен Айрат Бәзеновке, жаттықтырушылар мен ойыншыларға марапаттар табыстады. Кейін Берік Уәли «Спартак» стадионына барып, клубтың негізгі құрамының футболшыларымен және бапкерлерімен жүздесті. Аймақ басшысы алдағы маңызды кездесулер қарсаңында команданы қолдау мақсатында арнайы келгенін атап өтіп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

АНДРЕЙ КАРПОВИЧ – «ЕЛІМАЙ» ФК БАС БАПКЕРІ

Бүгін Берік Уәлиұлымен кездесу өтті. Бұл команда үшін өте маңызды оқиға. Себебі алда небәрі 2 ойын қалды. Әрине, өңір басшысының қатысуы белгілі бір деңгейде оң әсер береді, қосымша жігер, эмоция сыйлайды. аймақ басшысының қолдауы әрдайым сезіледі, ол футболға жанашырлықпен қарайды, команда үшін уайымдайды, бірінші минуттан соңғы сәтке дейін жанкүйерлік етеді. Сондықтан бұл кездесу біз үшін ерекше маңызды болды.

2022 жылы қайта құрылған «Елімай» футбол клубы қысқа уақыт ішінде еліміздің алдыңғы қатарлы командаларының біріне айналды. 2023 жылы команда Бірінші лигада топ жарып, 2024 жылы Қазақстан Премьер-лигасында өз орнын қайта тапты. Қазірге дейін өткен 24 турдың нәтижесінде команда 42 ұпаймен турнирлік кестеде бесінші орында тұр. Маусымның соңғы екі турында «Елімай» «Туран» және «Атырау» клубтарымен кездесетін болады. Облыс әкімі Берік Уәли өз алаңымызда өтетін матчқа жанкүйер ретінде келіп, қолдау білдіретінін айтты.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА