Абай облысынан әскер қатарына шақырылған 25 жас сарбаз еліміздің арнаулы мақсаттағы әскер қатарына қабылданды. Олар Қонаев қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет етеді. Осыған орай Семей қаласында оларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.

Салтанатты рәсім қару-жарақ көрмесінен басталды. Қонақтар Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында қолданылатын заманауи әскери техника мен жабдықтармен танысты. Сапқа тұрған жас сарбаздарға Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мен Қарулы Күштер ардагерлері сәттілік тілеп, азаматтық борыштарын абыроймен өтеуге, Отанға адал қызмет етуге және жауынгерлік тәртіп пен ерліктің жарқын үлгісін көрсетуге шақырды.

РУСЛАН ОМАРОВ - АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ

Егемен еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің жас сарбаздарымыз салтанатты түрде сапқа тұрғызылады. Қазіргі таңда олар Қонаев қаласында орналасқан Десанттық-шабуылдаушы бригадаға жолдануда. Жалпы саны - 25 адам. Бұл іс-шараның өзіндік ерекшелігі бар: біз оған тек ата-аналар мен әскери қызметке шақырушы органдардың өкілдерін ғана емес, сонымен қатар колледждер мен орта мектептердің оқушыларын да шақырып отырмыз. Мұндағы мақсат - жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту.

Бұл күн көптеген отбасылар үшін толғанысқа толы, естен кетпес сәтке айналды. Ата-аналар қуаныш пен қобалжуды қатар сезінді. Солардың бірі – ұлын таңдаулы әскери бөлімге аттандырып тұрған семейлік Балауса Саятбекқызы ерекше әсерде.

БАЛАУСА САЯТБЕКҚЫЗЫ - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бүгін, міне, ұлымызды әскер қатарына аттандырып жатырмыз. Оның аты-жөні - Саитбеков Қанағат. Енді өзінің азаматтық борышын өтеуге жолға шықты. Айтып жатады ғой: «Десантура — элиталық әскер» деп. Ондай әскерге екінің бірі бара бермейді. Қанағат кішкентайынан бокспен айналысады, спортқа жақын. Сондықтан бұл жолда да абыроймен қызмет атқарады деп сенеміз. Балаларымызға тек жақсылық тілейміз. Денсаулықтары мықты болсын, аман-есен борыштарын өтеп, оралсын.

Әскерге шығарып салу рәсімі - бұл тек дәстүрлі жиын ғана емес, Отан алдындағы борышын өтеуге дайын жастарға деген құрмет пен қолдаудың белгісі. Салтанатты рәсім соңында Семей қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың оркестрі мен жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, рухты көтерді.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА