Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Абай облысында жолға қойылған. Өткен сенбіде аймақтың 10 ауданы мен 2 қаласында 15 мыңға жуық адам тазалық шараларына атсалысты. Нәтижесінде 300 гектар аумақта 1000 тонна қоқыс жиналып, 5 мың түп ағаш көшеті отырғызылды.
Семейде жалпықалалық сенбілік өтті. 1000 түп ағаш отырғызылды. Қарағайлы ықшам ауданы маңында салынып жатқан жаңа саябақта көшеттер егілді. Экологиялық бастамаға аймақ басшысы Берік Уәли қатысты.
Ауқымды сенбілікке шаһар тұрғындары белсінді қатысты. Айналаның таза болуы әр адамның мәдениетіне байланысты. Тазалықты талап ететіндер көбейген сайын орта түзеледі. Игі бастамаға атсалысқандардың қарасы қалың болды. «Мұндай істе әр қала тұрғыны төбе көрсету керек», - дейді тұрғындар.
ӘЙГЕРІМ БАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жаңадан салынып жатқан саябаққа тұрғын ретінде өз үлесімізді қосып, ағаш отырғызып жатырмыз. Отырғызылған ағаштар біздің экологиямызды жақсартады. Және аудан тұрғындарының таза ауамен тыныстап, балалардың денсаулығына жақсы әсер етеді.
ШУАҚ ШАЛҚАРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қаламзыдың экологиясына, тазалыққа үлес қосып жатырмыз. Шаһар тазалығы өз қолымызда.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Абай облысында 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілген.
ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК