ЖЕРДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК - ӘУЕДЕГІ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ
Кез келген салада еңбегі көзге көріне бермейтін, бірақ бүкіл жүйенің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін мамандар бар. Сондай мамандардың бірі - Жандос Ғадылбеков. Ол қызметкерлерді уақтылы жеткізіп, авиация саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген жүргізуші.
Жандос Ғадылбековтің жұмысы таңмен таласа басталады. Ол ең алдымен қызметтік автокөліктің май-суын міндетті түрде тексереді. Өйткені, көліктің техникалық жағдайы барлық қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс. Осы көлікпен қызметкерлерді маңызды нысандарға жеткізеді.
ЖАНДОС ҒАДЫЛБЕКОВ, ЖҮРГІЗУШІ
Біз диспетчерларды вышкаға жеткіземіз. Өздерінің жұмыс орындарына. Метеослужба, ерт службалары бар, олардың осы территорияда өзінің объектілері бар. Сонда датчиктарды тексереді. Соларды жеткіземіз. Егер біз болмасақ, мысалы, төтенше жағдай болса, жүргізуші болмаса, қиындық туар еді. Сондықтан, мамандығым маңызды. Жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалған бізге.
Жандос Ғадылбеков «Қазаэронавигация» кәсіпорнында 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Мұндағы жүргізуші қызметі тәртіп пен жауапкершілікті, кестені дәл сақтауды талап етеді. Мамандарды нысандарға уақтылы жеткізу – ұшулардың қауіпсіздігіне жауапты қызметтердің үздіксіз жұмысына тікелей әсер етеді. Әріптестері Жандостың кәсіби шеберлігін, дәлдігін жоғары бағалайды.
ЖҰМАБЕК ТЕМІРҒАЛИЕВ, ӘРІПТЕСІ
Жандос осы «Қазаэронавигация» мекемесінде жұмыс істеген кезде өзін сондай жауапкершілікпен жұмысын атқарғанын көрсетті. Әрқашан да уақытында жұмысын орындайды және көлігіне де дұрыстап қарап, жөндеп отырады. Ұжымда Жандос абыройлы, көңілді. Өзінің әріптестеріне әрқашан да өз көмегін беруіне дайын тұрады.
«Қазаэронавигация» мекемесінің Абай облысы филиалы өңірде әуе қозғалысын ұйымдастырады. Мұнда түрлі сала мамандары еңбек етеді. Мұндағы әр қызметкер өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқаруға дағдыланған.
БАУЫРЖАН СӘЛІМБЕКОВ, ӘУЕ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
АУДАРМА: «Біздің қызмет әуе қозғалысын басқарумен тікелей айналысады. Басты міндетіміз – ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әуе кемелерінің соқтығысуының алдын алу. Абай облысы филиалында Семей қаласының оқу орындарында кәсіби бағдар жұмыстары жиі жүргізіледі. Яғни, біз өз мамандығымызбен компаниямызды кеңінен танытып, мүмкіндігінше көп білікті мамандарды тартуға тырысамыз. Олар Алматы қаласындағы кәсіби даярлық орталығында оқи алады. Біз мамандарды нөлден бастап оқыту тәжірибесін қолданамыз».
Ұжымда әр қызметкер ортақ іске өз үлесін қосады. Ал Жандос Ғадылбеков әуедегі қауіпсіздікке өз еңбегімен үлес қосып келеді.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ