Облыс орталығында көше жарығы жиі сөніп қалатыны жасырын емес. Бұл жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілеріне едәуір қолайсыздықтар туғызады. Белгілі болғандай, бұл мәселе Семей қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен ШҚО Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арасында келісім шарттың болмауынан орын алып отыр. Мәселе толығымен шешіліп, барлық көшелердегі жарық қашан қалпына келтіріледі? Тілшімізді тыңдайық.

Өткен аптаның соңында Семейдің ескі көпіріндегі жарық қайта жанды. Естеріңізге сала кетсек, ол жерде ұзақ уақыт жарық болмай, көліктер тас қараңғы көпірмен қатынап келді. Жарық кабель сымдары зақымданғандықтан өшіп қалған болатын. Мәселені 2022 жылы көше жарығын жаңартуды жүзеге асырған мердігер ұйым шешуі керек еді. Дегенмен, мердігер компания қаржыландырудың жоқтығын сылтауратып, тиісті жұмыстарды жүргізбеді. Осыған байланысты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл жағдайға еш қатысы жоқ компанияларға жүгінуге мәжбүр болды.

РУСТАМ АЙТҚҰЛОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Қазіргі уақытта біздің бөлімнің өтініші бойынша Семей қаласының көше желілеріне 2 мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Олар бізге ескі көпірдегі жарықтандыруды қалпына келтіруге көмектесті. Жөндеу жұмыстарын 2 мердігер ұйым бірлесіп жүзеге асыруда.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің ақпараты бойынша, көшені жарықтандыру желілері мен Семей қаласы желісінің тіректері Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестігіне тиесілі. Екі жыл бұрын жүргізілген жаңғырту жұмыстары осы ұйымның бастамасымен жүзеге асқан. Олар 15-18 жыл ішінде кепілдік бойынша апаттарды жою жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды қаржыландыруға міндетті. Бұл көше жарығының болмауы толық олардың жауапкершілігінде екенін білдіреді. Алайда, олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестік арасындағы шарттың жоқтығына байланысты, өз міндеттемелерін орындауға асықпайды.

РУСТАМ АЙТҚҰЛОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бізде электрмен жабдықтау желілерін жалға алуға және пайдалануға шарт жоқ. ШҚО Мемлекеттік-жекешелік әріптестік өкілдері біздің бөлім мен олардың арасындағы шарттың жоқтығын айтып, өз міндеттемелерін орындамай отыр. Біз апатты жою жұмыстарын жүргізу үшін «ЭверЛайт» компаниясына бірнеше рет шағым хаттар жаздық. Бірақ олар Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қаржы бермегеннен тиісті жұмыстар жасалмайтынын жеткізді.

Бұл мәселені шешу үшін Семей қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі көшені жарықтандыру желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізуге жабық байқау жариялап, ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестігімен шарт жасасуға шешім қабылдады. Бірақ бұл байқау мемлекеттік аудиттен өткен жоқ. Енді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Семей қаласының 140 көшесінде жарықтандыруды жөндеу бойынша жалпы байқау жарияламақ.

РАДМИР БИЧЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
ТҮКШ бөлімі Семей қаласының көше жарығын биылғы жөндеу жұмыстарына конкурс жариялады. Қазіргі уақытта ол талқылау үстінде. Яғни әр түрлі жеткізушілер сұрақтар қойып, біз оларға жауап беріп жатырмыз. Егер 1 ұйым басқасын сотқа бермесе, бұл шамамен 2-3 апта уақытты алады.

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік көше жарығында орын алған ақауларды басқа мердігер ұйымның жоюын рұқсат бере ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Себебі, барлық желілер оларға тиесілі. мамандардың айтуынша, бұл тұста даулы мәселе көп, десек те алдағы 45 күн ішінде шешілетінін атап өтті.