Қатты жауын-шашыннан, қардың тез еруінен, бөгеттердің жарылуынан су деңгейінің тез көтерілуі халыққа үлкен қауіп төндіреді. Мұның салдары ауыз судың, сумен жабдықтау көздерінің, топырақтың ластануына әкеліп соғады. Су тасқынының адам денсаулығына тигізетін қаупі туралы тілшіміз айтады.

Эпидемиологтар су тасқыны маусымы су сапасының нашарлайтын уақыты екенін айтады. Ластанған судан микробтық және вирустық жұқтыру қаупі жоғары және жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін. Бұл, ең алдымен, іш сүзегі, дизентерия, А вирустық гепатиті, вирустық этиологияның өткір ішек инфекциялары сияқты жұқпалы ауруларға қатысты.

РАУШАН ФАТХУЛЛИНА – ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Су тасқыны қаупі төнген кезде үй маңындағы аумақ міндетті түрде тазартылады. Аула дәретханалары мен барлық санитарлық тораптар мен септиктерді тазарту жұмыстары жүргізілу керек. Су тасқыны басталған кезде барлық сумен жабдықтау көздерінен, оның ішінде құдықтардан, құбырлы құдықтардан,орталық сумен жабдықтау көздерінен суды пайдалануға тыйым салынады. Тек бөтелкедегі немесе тасымалданған сапалы суды ішу керек.

Тасқын сулардың астында қалған тамақ өнімдерін тұтынуға болмайды. Олар: жертөлелерде, көкөніс қоймаларында болған немесе кеміргіштер мен жәндіктердің іздері бар өнімдер. Су тасқыны кезінде санитарлық-эпидемиологиялық шаралар инфекциялар мен аурулардың таралуын болдырмауда маңызды рөл атқарады. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Абай облысы бойынша ауыз суға мониторинг күшейтілді.

РАУШАН ФАТХУЛЛИНА ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Су көздерінен 856 сынама алынды. Олардың 16-сы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді, бұл 1,8% құрайды. Барлық сәйкес келмейтін сынамалар бойынша арнайы шаралар өткізілді. Су алған аймақтардағы сумен жабдықтау көздерін өңдеуді арнайы рұқсаты бар ұйымдар және ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдар жүргізуі тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азаматтарды су тасқыны алдында ауланы қардан уақтылы тазалап, аумақтағы қоқысты жинап отыруға шақырады. Сонымен қатар шаруашылық құрылыстарын су басуына жол бермеу керектігін атап өтті. Аулада су бұратын арықтар жасалуы тиіс. Егер ұңғымалар жарамсыз болып қалса және су құбыры жұмысын тоқтатса, жеткілікті мөлшерде ауыз су жинаңыз. Мамандар жеке гигиенаны сақтауды да ұмытпауға кеңес береді.