Қаламызда «Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама!» атты айлық басталды. Айлық аясында қала көшелері бойында орналасқан бизнес нысандарындағы жарнама мен көрнекі ақпараттың тіл туралы заң талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізілді.

Қала көшелерінде жарнамадан көз сүрінеді. Дүкен, сауда орталықтарының сыртқы ғимараттарына дейін жарнамаға толы. Бірақ мемлекеттік тілде сауатты жазылған ба? ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарына қаншалықты сай келеді? Мамандар осыған мониторинг жасап, әдістемелік кеңестер берді. Кәсіпкерлерге заң талаптары жазылған ақпараттарды таратты. Қала көлемінде өтіп жатқан айлық мамырдың 1-не дейін жалғасады.

МАРЖАН БАХАТОВА- МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі күні Абай облысында оның ішінде Семей қаласында да көрнекі ақпаратқа, яғни қаламыздағы жарнамалардың орналасуына байланысты айлық жарияланған болатын. Яғни сыртқы көрнекі ақпараттың тіл туралы заңның 21-ші бабына сәйкес жазылуы, яғни мемлекеттік тілде, әдеби нормаларға сәйкес, стилистикасы дұрыс қойылған жарнамаларды бүгінгі күні аз көруімізге болады. Себебі кәсіпкерлер ең бірінші жарнама орналастырмас бұрын мемлекетік тілдегі нұсқауын өзіміздің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдегі мамандармен келіспеуі нәтижесінен болып жатады.

Сондай-ақ нысандарды аралау барысында кәсіпкерлердің арасында көрнекі ақпаратты өзге тілде жазғандары анықталды. Оларға жарнаманы орналастыру, салық төлеуге қатысты шарттары түсіндірілді.

РАИЛ СОВЕТБАЕВ- «СЕМЕЙ-СӘУЛЕТ» КММ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ
Жалпы Семей сәулет коммуналдық мекемесінің негізгі мақсаты ол қала келбетін жақсарту, енді нақтырақ айтатын болсақ мысалы сәулет нысандар бар, ғимараттар бар, көп қабатты пәтерлер бар үйлер бар, сондағы орналасқан сыртқы жарнаманы мониторингілеу және оларды бақылау. Енді жалпы қазіргі күнге дейін біздің атқарған жұмысымыз ол қала қасбеттерін орналастыру,одан бөлек сыртқы жарнаманы орналастыруға қатысты ережелерді жобаладық.

Айта кетсек, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде немесе басқа тілдерде де орналастырылады. Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында немесе жоғарғы жағына, ал орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағына орналасады және бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА

«Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама!» атты айлық басталды