Жанармай станциялары жарылыс және өрт қаупі бар нысандарға жатады. Оларда жанғыш материалдар сақталып, сатылатындықтан талаптар да қатаң сақталу керек. Төтенше жағдайларды болдырмау үшін Семейдегі жанармай бекеттері тексерілді. Семейде жанармай бизнесімен 84 станция айналысады. Баріне ортақ талап бар. Өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек. Жер-жерде болып жатқан түрлі апаттарды болдырмау үшін заң аясынан аспай, белгіленген ережелерді ұстану маңызды. Осыны тексеру үшін қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, полиция қызметкерлері және еріктілер, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілдері рейд жүргізді. Жанармай құю бекеттерінің қызметкерлері мен қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

ҚЫМБАТ КӨПБАЕВ – СЕМЕЙ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Аса қауіпті нысандардағы талаптарды сақтауға көңіл бөлу керек. Әсіресе, жанармай құю станциясы өрт ілезде лап ететін, жарылғыш нысан. Акциядан кейін біз жанармай станцияларының барлық басшыларын жинап, дөңгелек үстел өткіземіз, онда станцияларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері талқыланатын болады.

Кейбір жанармай бекеттері газбен жұмыс істейді. Көліктерді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Осындай көлік иелерімен де әңгімелер өткізілді.

АҚЕРКЕ КАРИПОВА – СЕМЕЙ ТЖБ ИНЖЕНЕРІ
Қазіргі таңда осы Семей қаласының сол жағалау бойынша бүгінгі таңда барлық жанармай құю станциялары және автогаз станцияларын біз қамтып алдық. Яғни барлық станциялар қазіргі таңда түсіндірме жұмыстарын алды. Әрине, қазіргі таңда автокөлік иелері, газ станциясымен қолданатын автокөлік иелерімен, жанармай құю станцияларындағы қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары яғни онда қауіпсіздік ережелерін сақтау, өрт болған жағдайда ережелерді сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Кең ауқымды акциялар алдағы уақытта да өткізілетін болады. Жұмыс жоспары жасалды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты рейдтік іс-шаралар ірі дүкендерді, сауда үйлерін және монша кешендерін қамтитын болады.