Семейде су добынан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген 8 команда бақ сынады. Толығырақ әріптесім, Аслан Ертісбаев айтып береді.

Су добы – командалық спорт түрі, қызықты, әрі тартымды спорттық ойындардың бірі. Командалар су толы бассейн ішінде қарсыласының қақпасына доп салуға ұмтылады. Су добы суда ойналатын жалғыз ойын түрі болғандықтан әр елде кеңінен танымал. 12-17 сәуір аралығында Семейде су добынан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Онда республиканың түкпір-түкпірінен келген 8 команда бақ сынады. Ақтық ойындарға жолдама алу үшін еліміздің 12 командасы сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 8 команда үздік шығып, Семейдегі чемпионатқа жолдама алды.

АРХАТ БАУЫРЖАНҰЛЫ – «НАМЫС» СПОРТ КЛУБЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Командалардың дайындықтары өте жоғары. Өйткені, қатысушы командалар бірінен-бірі басып озатын командалар. Есеп айырмалары өте жоғары деп айтуға болады. Енді біздің Семей командамыз да жаман емес, мықты. Біздің қаламызда су добынан қызуғышылық өте жоғары. Бізде қазір су добына қатысушы спортшыларымыздың саны 350 бала. Су добы өте жақсы спорт, мықты спорт.
Өңірлерде балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту жоғары жетістіктер спортының іргетасы. Сондықтан, жастайынан спортшылардың заманауи бассейндерде, үздік жаттықтырушыларда жаттығу мүмкіндігіне ие болуы өте маңызды. Дәл осы жол жас спортшыларды шеберліктің шыңына және үлкен жетістікке жетелейді. Елдегі су добы жыл сайын дамып келеді. Спортшылардың бәсекесі мен шеберлігі де артып келеді. Қатысушылар жас болса да, чемпионатқа сақадай сай дайындалып келген. Барлығының діттегені бір чемпион болып, ел намысын қорғау.
САНЖАР СӘЛІМБАЕВ - ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Қазіргі таңда әр өңірде су добы спортына балалардың қызуғышылығы артып келеді. Бұл, әрине, жаттықтырушылардың еңбегі деп білемін. Олар өте нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұрын бәсекелестік 2-3 команда арасында ғана болса, қазір 8 команда ақтық мәреде өнер көрсетсе, барлық 8 команда тең дәрежеде ойнай біледі деп айтсам, артық емес. Біздің балаларымыздың шеберлігі жыл сайын жетіліп келеді. Олар еліміздің болашағы.
АЛАН ТӨЛЕГЕН – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Біздің команда өте жақсы дайындықпен келді. Бізде тәртіп бірінші орында. Бұл командалық спорт түрі болғандықтан, біз бір-бірімізді өте жақсы түсініп, ойнаймыз. Турнир тамаша өтіп жатыр. Мен команда капитанымын. Біз жарыс басталар алдында командалық жиынға бардық және қазір 3 орынға үміткерміз.

Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Астанадан келген жасөспірімдер жеңіп алса, 2-ші орынды Талдықорған қаласының командасы қанжығасына байлады. Ал, жүлделі 3-ші орынға Семейдің «Намыс» командасы табан тіреді. Жеңімпаздар алғыс хаттар және кубоктармен марапатталды.