Семейде жылу беру маусымы аяқталды. Былтырғы жазда желілерге жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Тиянақты жұмыстың нәтижесінде қыс мезгілі апатсыз өтті. Осыған байланысты қала әкімі «Жылукоммунэнерго» қызметкерлерін және қаланы жылумен тұрақты қамтуға ат салысқан мердігер ұйымдардың мамандарына өз алғысын білдіріп, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Былтыр қаламызда жылу маусымына дайындық кезінде республикалық, облыстық және қалалық бюджет қаражаты есебінен 48 шақырымнан астам жылу желісі мен 5 жылу орталығы жөнделген болатын. Атқарылған жұмыстардың арқасында жылу желілеріндегі бірқатар келеңсіздіктер жойылып, ірі апаттық жағдайлар болған жоқ. Қыстан семейліктер жаурамай шықты.

НҰРБОЛ НҰРСАҒАТОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаз бойы өздеріңіз көрдіңіздер қара терге салынып барлығы жұмыс жасағанын. Бір жылдың ішінде 22% авариялық жағдайларды азайту деген ол өте үлкен жетістік деп ойлаймын. 15% біз бір жылдың ішінде желілерді жаңарттық олда үлкен жетістік. Осы жылда бұл жұмыстар әліде жалғасатын болады.

Шара барысында «Жылукоммунэнерго» қызметкерлеріне және қаланы жылумен тұрақты қамтуға ат салысқан мердігер ұйымдардың мамандарына арнайы марапат табыс етілді. Оларға «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» медальдары мен құрмет грамотасы, алғыс хаттар берілді.

НИКОЛАЙ ДЁМИН - «ЖЫЛУКОММУНЭНЕРГО» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл шара алғаш рет ұйымдастырылды. Ұжымға арнайы сыйлықтар мен марапаттар арқылы көңіл бөліп жатқан әкімдікке алғыс айтамыз. Біз қуаныштымыз. Біздің ұжым қаламыздың игілігі үшін жұмыс істейді. Тұрғындарды тиісті жылумен қамтамасыз еткіміз келеді. Үйлері жылы болса дейміз.

Жылу маңызды нысан. Қарапайым еңбек адамдары қаланың тұрғындарына жайлы жағдай жасау үшін еңбектенеді. Былтыр жаздайғы еңбектің арқасында Семей қыстан қысылмай шықты. Қалалық әкімдік еңбектерін бағалап, құрмет көрсетуі адал еңбек адамдарына деген атқарушы билік пен елдің құрметі. Кезекті жылу беру маусымы осылай нәтижелі аяқталды, ендігі міндет алдағы маусымға дайындықты бастау.