Әлеуметтік желіде бірнеше күннен базар аумағында орналасқан дүңгіршектің бірінде самса кеміріп жүрген тышқанның бейнежазбасы тарады. Онда самса арасында кеміргіштің емін-еркін тайраңдап жүргенін көруге болады. Қоғамдық тамақтанудағы антисанитарлық жағдай туралы әріптесім Аслан Ертісбаев айтып берсін.
АСЛАН ЕРТІСБАЕВ - ТІЛШІ
Жақында әлеуметтік желіде бәліштердің арасында жүрген тышқандардың бейнежазбасы тарады. Ол дәл осы жер. Сауда-саттық орталығы, базар маңы.
Белгісіз қала тұрғыны «Жансая» базарының дәл алдында орналасқан самса сататын дүңгіршектегі жиіркенішті жағдайды телефонына түсірген. Онда самса арасында кеміргіштің жүгіріп жүргенін көруге болады. Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар ол жерді тексеріп, шара қолдануды сұраса, кейбіреуі тіптен даладан тамақтанудан бас тарту керек, дейді.
Бұл деген сұмдық ғой. Менің ойымша, жабу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені, біздің балаларымыз тамақтанады, ересектер де алып жатады. Уланып қалуы мүмкін. Жабылып қалғанына өте қуаныштымын. Мен де бұл бейнежазба туралы естідім, көрдім. Жалпы, қазір санитарлық жағдай мүлдем қадағаланбайды. Менің ойымша, мұндай кішкентай дүңгіршектерге жұмыс істеуге рұқсат бермеу керек. Өркениетке көшудің уақыты келген секілді. Жалпы жабу керек. Мен жабу үшін толықтай келісемін.
Енді дұрыс емес ғой тышқан деген. Жабу керек ондайларды. Штраф салу керек.
Сұмдық ғой ол. Самсаны кім жейді онда. Мен жемес едім ни за что. Жоқ, мен базардан ештеңке сатып алып жемеймін. Үйде пысырамын мен.
Көріп тұрмын енді жақсы емес ғой ол халыққа. Ол енді қаншама адамдарға ауру таратады. Өте таза емес. Дұрыс емес деп ойлаймын. Оны ашық сатуға тыйым салу керек шығар.
Түсірілім тобы барған уақытта дүңгіршек құлыптаулы, есігі тарс жабық. Иелері сыртына «жабық» деген жазуды да іліпті. Самса жеген тышқан видеосы санитарлық қызмет өкілдерінің де назарын аударған. Кеміргіштердің айналасын жалмап кететіні былай тұрсын, ауру таратуы да мүмкін. Семей қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары бұл тамақ сату орнының иелеріне әкімшілік хаттама толтырды.
ШЫҢҒЫС ЧОКУШЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс ашты. Тексеріс нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылықтары анықталып, кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, нысанның ішіндегі азық-түліктер толықтай жойылды. Тамақтану нысаны өзінің рұқсатнамасынсыз жұмыс істеу нәтижесінде екінші хаттама толтырылып, барлық құжаттар соттың құзіреттілігіне шешім қабылдауға жолданды. Алдағы уақытта да осындай заңсыз тұрған тамақтану нысандары бойынша жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз.
Кеміргіштер қауіпті жұқпалы аурулардың тасымалдаушылары екені белгілі. Самса дүңгіршегіндегі тышқанды біреу түсіріп алып, бейнежазбаны таратпаса бұл жерден әлі талай адам самса алып, тамақтануды жалғастыра берер еді. Қазіргі уақытта дүңгіршек өз жұмысын толықтай тоқтатты. Сонымен қатар, ішіндегі азық-түліктер жойылды. Қандай да бір антисанитарлық жағдайдарды байқап жатсаңыз, арызды «Е-Өтініш» бірыңғай базасы бойынша немесе басқарманың мекенжайына жолдауға болады.

АСЛАН ЕРТІСБАЕВ