ҚАУІПСІЗ ДЕМАЛЫС: ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЕСКЕРТЕДІ

Жазғы демалыста балалар қауіпсіздігі басты назарда болу керек. Құтқарушылар демалыста балаларға жіті көңіл бөлуді ескертеді. Жаз маусымы басталғалы облыста 7 адам суға кетсе, оның екеуі бала. Жыл басынан бері Абай облысында 7 адам суға батып көз жұмды, оның екеуі бала. Соңғы жағдай 3 шілде күні тіркелді. 14 сағат 25 минутта 112 нөміріне өзеннің Шығыс кентіне жақын маңдағы Семипалатинка тұсында жасөспірім суға кетіп, қайта оралмағаны туралы ақпарат түседі. 45 минуттан соң 15 жасар баланың денесі табылды. Мамандардың айтуынша, ол туыстарына қонаққа келген, ересектердің қадағалауынсыз рұқсат етілмеген жерде суға түскен деген дерек бар. Ертіс өзенінің көп жері суға шомылуға қауіпті.

ӘСЕТ ЖОЛДЫБЕКОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД ТЖ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Абай облысындағы су айдындарының көпшілігі қауіпті. Мәселен, Ертіс өзенінің ағысы қатты, су түбінде иірімдер бар. Қауіпсіздік ережелерін елемеу, рұқсат етілмеген жерде шомылу, мас күйде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру – судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері.

Құтқарушылар суға тек ресми рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға кеңес береді. Ондай жерлерде құтқарушылар кезекшілік атқарып, қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Семей қаласында мұндай үш жағажай бар: «Заря», Пристань маңындағы қалалық жағажай және Затон ауданында. Қауіптің алдын алу үшін өңірде күн сайын 16 су патрулі және 32 жаяу топ рейдке шығады. Алдын алу жұмыстары жүргізілуде: жарты жыл ішінде 62 әкімшілік хаттама толтырылып, бір миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Рейдтер тіпті ресми шомылу орындарының тізіміне кірмейтін Бейбітшілік аралында да өткізіледі.

ӘСЕТ ЖОЛДЫБЕКОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД ТЖ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Балаларды қараусыз қалдыру ең үлкен қателік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс тұрғындарына, барлық ата-анаға үндеу жолдаймын. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Тек өз балаларыңызды емес, айналадағы басқа балаларға да назар аударыңыздар. Қайғылы жағдайлардың көбі – балаларға көңіл бөлмеуден шығады.

Құтқарушылар мектептерде арнайы сабақтар өткізіп, судағы тәртіп пен құтқару құралдарын қолдану жолдарын үйретеді. Жағажайларда таңертеңнен кеш батқанға дейін кезекшілік ұйымдастырылған.

ӘЛІШЕР СЕИІТҚАЗЫ – ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ Біздің міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Таңертеңнен кешке дейін кезекшілік етеміз. Көбіне ата-анасыз жүрген балаларға көңіл бөлеміз. Кей жағдайда балалар ересектерсіз суға түседі. Барлық ата-аналарға ескерту жасаймыз: су жағасында, әсіресе балалар үшін, қауіп көп.

Ересектердің көбі қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамайды. Олардың айтуынша, жауапкершілік алдымен ата-аналардың мойнында.

ГҮЛЖАН АХАТОВА – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ Әр ата-ана келгеннен кейін өз баласына қарауы керек. Бұл – ата-ананың ең басты міндеті. Жауапкершілікті өз мойнына алып, қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Ең бастысы – баланың өмірі ғой. Үйден алдын ала ескертіп айтамыз: алысқа барма, көз алдымызда жүр деп.

Ал балалардың өздері қауіпсіздік ережелерін қаншалықты жақсы біледі? Бұл жөнінде бізге Семей қаласының кішкентай тұрғыны айтып берді.

ӘЛИ ИКРАМ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ Суға ата-анасыз баруға болмайды. Перон жаққа баруға да болмайды. Әрқашан үлкендердің қарауында болу керек және қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.

Құтқарушылар ата-аналарға бір сәтке де сақтықты жоғалтпауға кеңес береді – өйткені дәл сол сәт қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА