Биыл еліміз Ұлттық домбыра және Астана күнін қатар тойлады. Қос мерекені Абай облысының тұрғындары ерекше өткізді. Мәдениет ошақтары ұлттық аспапты ұлықтаған, танымы мол концерттер ұйымдастырды. Ал демалыс орындары мен қоғамдық кеңістіктерде еңселі Елорданың бүгіні мен ертеңін екшейтін ерекше кеш өтті.

Міне, күйдің күмбірінің құдіреті. Тыңдарманның құлық құрышын қандыруда. «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі көптің көңілін тапты. Әннің де естісі бар, есері бар. Дәстүрлі ән де әуеледі. Өнердің ордасы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда ұлттық домбыра күні осылай ұлықталды.

АЙБЕК БЕКБОСЫН, Ә.ҚАШАУБАЕВ АТЫНДАҒЫ ФИЛАРМОНИЯ ДИРЕКТОРЫ
Домбыра – үні шыға бермек, қазақ тірі тұрғанда. Домбыра – қазақтың төрінде ілулі болса, қазақ мәңгілік жасайды деген ойдамын. Домбыра күніне арналған концерт болғаннан кейін міндетті түрде күй, міндетті түрде домбыра туралы әндеріміз болады.

Ал Арбатта қалалық мәдениет үйінің ұжымы семейліктерге көтеріңкі көңіл – күй сыйлады. «Даланың үні - Домбыра» атты концерт өтті. Дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина ән шырқады. «Семейтау» этно-фолкльорлық ансамблі көрерменнің көзайымына айналды.

МАРЖАН БАХАТОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Домбыра ұлттық руханиятымыздың негізі, тарлан тарихтан сыр шерткен, еліміздің жүрегін тербеткен домбыраның қоңыр үні қашан да халқымыздың рухани қазынасы болмақ. Жалпы, бұл күн бір ғана аспаптың күні емес, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізі деп айтуға болады.

Астана күні биыл Домбыра күнімен тұспа-тұс келді. Егемен елдің ордасы бүгінде көркейіп, дамып, іскерлік ортаға айналды. Жыл сайын түлеп, қарыштап келе жатқан Астана күнін байтақ еліміздің бәр өңірі атап өтеді. «Семей» мәдени бос уақыт орталығы да орталық саябақта концерт өткізді.

ЛИМАРА ТҰРҒЫНБАЕВА, МӘДЕНИ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Бұл кеш енді өнер мен достықтың, ұлттық рух пен бірліктің жарқын көрінісі болады деп ойлаймыз. Енді бұл концертіміздің мақсаты тұрғындарға көтеріңкі көңіл – күй сыйлау, бос уақыттарын ұйымдастыру, сонымен қатар ұлттық мәдениетімізді дәріптеу және шығармашыл жастарға қолдау көрсету болып табылады.

Шілденің басындағы мерекелерді семейліктер осылай атап өтті. Ауа райы да халыққа қолайлы болғандай. Нұр себелеп, жауын да бұл күндердің шырайын кіргізе түскендей.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ