Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлы дала үнісің сен, домбыра» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер сөреден домбыраларды ғана тамашалап қойған жоқ. Сонымен қатар домбыра иесі жайлы да құнды деректерден хабардар болды. Көрмеге қойылған домбыралардың ең көнесі 1 ғасыр бұрын пайдаланылған болып шықты.

СТЕНДАП
Еліміздегі ұлттық домбыра күніне орай Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ерекше көрме өтуде. Бұл көрменің ерекшелігі – соңғы бір ғасырдан күні бүгінге дейін пайдаланылған дүлдүл әншілердің домбыралары қойылған. Мәселен, мына бір домбыраға зер салсаңыздар бұл 1926 жылы музейдің қорына ағайынды Белослюдовтар өткізген. Ағайынды Белослюдовтар өлкенің мәдениеті мен ағарту саласына ерекше үлес қосқан жандар.

Сондай-ақ ағайындылардың қазақ фольклорын жинастыруда еңбектері ұшан-теңіз. Семейде 1906 жылы 4 мыңға жуық жәдігерден тұратын музейді ашқан осылар. Кейінірек бұл музей жабылғанда коллекцияларын өлкетану мұражайына табыстаған. Қазіргі таңда мұражай қорында 30 –дан аса домбыра сақталған. Олардың арасында ағаш түрлерімен жасалу жолдарының күрделілігіне қарай халық арасында Шығыс, Арқа, Батыс, Абай домбырасы сынды атауларға ие болған аспаптар кездеседі.

ҚАЙРАТ САБЫРБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Ұлттық аспабымызға ұлттық домбыра күнін белгілеп отыруының ар жағында терең тарихи сабақтастық жатыр. Домбыраны тек қана өнерпаздың серігі деп қана түсінбеуіміз керек. Домбыра туралы тақырып тек қана бүгінгі көрмеде емес, біздің осы этнография экспозициясында тұрақты қамтылған. Ол жерде де домбыра туралы ақпараттар беріледі.

Көрермен назарына Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы Сапарғали Әлімбетов, Тәңірберген Әміреновтен бастап танымал әншілер Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Кентау Назарбек, ақындар Ақылбек Манабаев, Дәметкен Омарбаевалар сынды бір топ өнер қайраткерлерінің домбыралары ұсынылды.

НАЗЕРКЕ АМАНТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Көрме ерекше өтіп жатыр. Туған қалам Семейімдегі мықты-мықты ақындар, домбырашылар туралы көп жаңа мәлімет алдым. Домбырада өзім ойнай алмаймын, бірақ домбыраға өте қызығам. Әртүрлі күйлер тыңдаған ұнайды. Бүгінгі алған әсерім өте ерекше және өте қызықты.

Назерке Амантаева сияқты жерлестеріміз музейде домбыра түрлерімен танысты. Онда ойнаған өнерпаздар жайлы ақпаратпен қанықты. Дала күмбірі болған көне аспаптардың жасалуы жайлы да қызықты деректерге қаныға аласыз. Көрме тамыз айының 10 –на дейін жалғасады.


Ермек Исабаев