ЕКІ ӨҢІР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ Омбы облысы делегациясының Абай облысына жасаған жұмыс сапары аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуге Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко мен Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов қатысты. Онда екі өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков өңірдің экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді. Ол өңір дамуына серпін беретін негізгі тетіктерге тоқталды. Өткен жылы тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,6 миллиард АҚШ долларына тең өнім өндірді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 1,4 миллиард долларды құрады. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан облысымыздың Қытай және Ресеймен шекаралас болғандықтан, көлік-логистикалық хаб ретінде даму мүмкіндігі зор. Кездесу барысында Омбы облысы Үкіметінің салалық министрліктері – өнеркәсіп және кәсіпкерлік, жастар саясаты, мәдениет, туризм, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері өз өңірінің мүмкіндіктерін таныстырып, баяндамалар жасады.
АНДРЕЙ ШПИЛЕНКО, ОМБЫ ОБЛЫСЫ ҮКІМЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз алдағы экспорттық кеңесте, экспорт және шетелдік нарықтарға инвестиция тарту мәселелерін талқылаған кезде, сіздер ұсынған жобаларды біздің бизнеске міндетті түрде таныстырамыз. Мұнда отырған компания өкілдері де сіздердің жобаларыңызға құлақ асып, қызығушылық танытса, бұл алаңды достық қарым-қатынас негізінде қарастырып, өз ресурстарымыз бен қаражатымызды тартуға тырысамыз. Менің байқағаным – біз тек ақпарат алмасып қана қоймаймыз, сіздердің жобаларыңызды Омбы бизнесі арасында ілгерілетуге де күш саламыз.
Кездесу қорытындысы бойынша Омбы облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы арасында, сондай-ақ Омбы облысының Өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Абай облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
МАҚСАТ СҮЙЧІНОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл келісім екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам. Елдеріміз арасындағы тарихи-мәдени байланыстар терең. Енді осы қатынастарды экономикалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туып отыр. Келісімнің негізгі мақсаты – екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, тараптардың сауда мүдделеріне сай әрекет ету.
Қол қойылған келісімдер шекара маңындағы ынтымақтастықты тиімді жүргізуге бағытталған және екі өңір арасындағы экономикалық байланыстардың дамуына жаңа серпін береді.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА