«Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң тіл бар ма? Тілсіз деуге бола ма, Тілден артық үн барда. Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда», дейді қара өлеңнің Құлагері Ілияс Жансүгіров. Иә, домбыра - қазақтың жаны мен рухы. Қоңыр үннің құдіретінде ұлттың болмысы жатқандай. Ұлттық домбыра күні қарсаңында әріптесім Ерзат Жанатұлы шебермен тілдесіп, дәстүрлі әншімен әңгімелескен еді.

Ұлттық домбыра күні бү¬гінде дәстүрлі мерекеге айналғандай. Атаулы күн 2018 жылы ресми бекітілген. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр ақынның нақыл сөзі әр қазақтың жүрегінде жатталған. Ал ақын мен әншіні домбырасыз елестету әсте қиын. Әуелете ән салып отырған дәстүрлі әнші Айдан Бауыржанұлы. Домбыра – ұлттың мақтанышы, дейді ол.

АЙДАН БАУЫРЖАНҰЛЫ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ
Домбыраны қазақтан ешқашан да ажыратып ала алмаймыз. Өйткені, ол расымен де егіз ұғым. Домбыра дегеніміз – ол қазақтың жаны. Мұқым елдің мұң – мұқтажын жеткізген ғой. Алып қарайтын болсақ енді, күйде де бар. Құрманғазы атамыздың күйі. «Сарыарқа» болсын, «Балбырауын» болсын, әннен келген кезде, жаңағы Біржан сал атамыз бастаған бүкіл әндері бар, осының барлығы домбыра арқылы қазаққа жеткен. Қазақтың үні десек те болады.

Домбыра еліміздің әр өңірдегі салт-дәстүрге, әні мен жырына, күй мектебіне, өнерпаздарының орындауына орай, шеберлерінің тәсілдеріне байланысты түрліше келеді. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде қазақта домбыраның 20-дан астам түрі бар. Қазіргі ұстап жүрген домбыралардың жалпы пішіні Ахмет Жұбанов заманында қалыптасқан.

АЙДАН БАУЫРЖАНҰЛЫ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ
Ахмет Жұбанов атамыз ғылми жобада қорғап, жаңағы 19 перне қылып, сосын кейін шанағы бар деп, сорлай жасаған, солай шығарған. Сосын кейін бізге қалып қойғаны, бізге жеткені Ахмет Жұбанов атамыздан қалған шанақ домбыра дейміз, өзі сол шанақ домбыра қалып қойды. Қалақ домбыра деп аталатыны, ол енді арғы Жамбыл Жабаев атамыздан келе жатқан домбыраларды айтады. Абай атамыз ұстаған, Шәкәрім атамызда да болған үш шекті домбыра, жаңағы қалақ домбыра.

Домбыраның дауысы күмбірлеп, үнінің таза шығуы шеберге серт. Ағаштың сырын ұғып, табиғатын тани білетін небір мықты ұсталар бар. Біздің өңірде домбыра жасайтын шеберлер саусақпен санарлық. Соның бірі - Елзат Даирбаев. 30 жылдан бері осы іспен айналысады. Міне, есік алдында шанаққа керек ағашын кесуде. 5 милиметр қылып қиған ағаштарын мына қызған темірмен ие бастады. Домбыра жасау – ағаш таңдаудан басталады.

ЕЛЗАТ ДАИРБАЕВ, ДОМБЫРА ШЕБЕРІ
Домбыра жасау үшін ағаштарды тану керек. Енді ағаштың жүздеген түрлері бар ғой. Соның биологиялық, физикалық, химиялық қасиеттерді болады. Үйеңкі деп аталады. Бұл жаңағы өсіп тұрған кезінде өте былқылдақ, міне. Ал кепкен кезде өте қатты болып қалады. Пышақ батпайды. Әзірге біз мына домбыраға дайындамалар жасап жатырмыз иіп. Бұл енді 1 сағатта, 2 сағатта көрсету мүмкін емес. 3 күн, 4 күн уақыт керек бір домбыра жасау үшін.

Елзат аға шеберханасында жасаған домбырасының құлақ үнін тексеріп отыр. Қос ішекті аспап күмбірлей жөнелді. Сәтті шыққан тәрізді. Шебер осы уақытқа дейін 3 мыңнан аса домбыра жасапты.

ЕЛЗАТ ДАИРБАЕВ, ДОМБЫРА ШЕБЕРІ
Енді домбыра жасау үшін шеберге үш бағытты ұстану керек. Бірінші – домбыраның дыбыстық дәлдігі, күмбірлеп, құлаққа жағымды, құлақтан кіріп бойды алатындай, домбыраға тән күмбірлеген дыбысын анықтау. Екінші – оның күйшіге, әншіге, домбырашыға, былайша айтқанда ыңғайлылығы. Үшінші енді ол – ұлттық аспап болғаннан кейін оның сәндік дизайны.

Рас, сауда сөрелеріндегі домбыраның көбі талапқа сай емес. Елімізде ұлттық аспаптарды жасауға қойылатын талаптардың жоқтығы қынжылтады, дейді шебер. Осыны заңмен реттемесе, киелі домбырадан бүгін қадір қашады, ертең құмыққан үніне қарның ашады.

ЕЛЗАТ ДАИРБАЕВ, ДОМБЫРА ШЕБЕРІ
Өте арзан домбыралар шығып жатыр. Соны бір заңмен реттесе. Ол бізге кішкене ұяттау. Өйткені, ол ұлттық домбыра өте сапалы болуы керек. Сондықтан, сапасыз домбыралардың саудаға кіруі бізді кішкене, қалай айтсам, риза емеспіз.

Дәуір алмасып, заман өзгерсе де даланың үні болған домбыра жасай бермек. Өйткені, қазақ пен домбыра егіз ұғым.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ