Цифрландыру технологиялары Қазақстанда соңғы жылдары табысты енгізілуде. Жаһан көшінен біздің өңір де шет қалған жоқ. Семейдегі Abai IT-Valley технологиялық кластері ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды оқыту, өзара іс-қимыл жасау және іске асыру үшін өңірлік платформа ретінде қызмет етіп келеді. Осы арқылы олар еліміздегі ІТ саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда.

2022 жылы құрылып, білім, кәсіпкерлік, цифрландыру, өндіріс сияқты барлық саламен қоян-қолтық тығыз қарым-қатынастағы Abai IT-Valley технологиялық кластерінің қоғамға пайдасы көп. Күні бүгінге дейін 4 стартап кәсіпке айналып, тағы бір бастамаға қатысты инвестормен келіссөз жүргізілуде. Одан бөлек 6 стартап жоба тұрақты жұмыс жасап тұр. Кластер білім беру, ІТ кәсіпкерлікті дамыту, бағдарламашыларды әзірлеу сынды негізгі 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Осы уақытқа дейін 300-ден астам адам оқу курстарынан өтті. Цифрлық білім беру, ғылым, технологиялық кәсіпкерлікке үйрету, өндірістік кәсіпке үйрету, цифрлық біліктілікті арттыру, хакатон, форум, олимпиада, жарыстар ұйымдастырады.

БАУЫРЖАН НАУРЫЗБАЕВ, ABAI IT-VALLEY ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КЛАСТЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Сонымен қатар, өндірістік стартаптарда өңірімізде, облысымызда орналасқан түрлі ірі кәсіпорындарға балалар өздерінің стартап идеяларын, өздерінің программаларын ұсыну арқылы коммерцизация жасай алады. Яғни пайда таба алады.

Қазіргі таңда семейлік өнертапқыштардың «Нейрондық желі орталығы» деген стартапы Мәскеу қаласында жұмыс істеп жатыр Алайда ол өзімізде тіркелгендіктен түскен салықтың барлығы Абай облысына тиесілі. Abai ІT Valley мектебінде білім алушы Аружан Смаилова жетекшісімен бірлесіп Jidek стартапын іске қосқан. Қазіргі таңда командадағы төрт адам жобаның маңызды бағыттары бағдарламалау, контент, дизайн және даму стратегиясына жауапты.

АРУЖАН СМАИЛОВА, ABAI IT SCHOLL 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
«Біздің сайттың өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, сіз оны әрқашан компьютерде, ноутбукта аша аласыз. Сондай-ақ бізде интерфейстің ғана емес, бос жұмыс орындарының да орыс қазақ тіліне аудармасы бар. Біз сондай-ақ стандартты бос жұмыс орындарын ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда фрилансингті де дамытқымыз келеді».

Jidek.kz — бұл қызмет және тапсырыс іздеу сервисі. Қала тұрғындарына тұрақты жұмыс, қосымша табыс, фриланс тапсырмалары мен қызмет түрлерін оңай табуға мүмкіндік беретін ыңғайлы платформа. Контент күн сайын жаңарады — жаңа жұмыс орындары мен ұсыныстар үздіксіз жарияланады. Өңіріміздегі технологиялық кластер бұдан өзге де пайдалы істерді қолға алып, алдағы уақытта қоғамның игілігіне тапсырмақ.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА, ЕРМЕК ИСАБАЕВ, НАЗЕРКЕ МҰРАТҚАЛИ, НҰРЛАН ОРАЗАЛИН