Жазушы, драматург Медеу Сәрсеке тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Қаламгер қазақ әдебиетінде фантастика жанрының сүрлеуін салған тұлға. Соңында бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлы қазақтың қасіреті, қайғысы мен шері – Семей полигонының ақиқатын ашып жазған жазушы. Ескерткіш тақтаның ашылуына қаламгердің туыстары, зиялы қауым өкілдері жиналды. Жазушы жайында өткен шақтың сәулелі сәттерімен бөлісті.
Қаламгердің ғұмырының көп жылы осы үйде өтті. Осы құтты мекенде көзіқарақты оқырманға жол тартқан еңбектері жазылды. Жазушының қазақ әдебиетінде салған өз соқпағы бар. Деректі роман жанрының негізін қалады, оны жетілдіріп, жүйелеп, бір ізге түсірді.
АРАП ЕСПЕНБЕТОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Медеу ағамыз нағыз әдебиеттің еңбекторысы болатын. Ол жазбаған жанр жоқ. Әуелі, ең алдымен мақтанышпен айтатынымыз – қазақ фантастикасының негізін салушылардың бірі болды.
Жазушы мағыналы ғұмырын Семейде өткізді. Үлкен орта іздемеді. Алысқа кетпеді. Ол қазақтың әйгілі тұлғаларын зерттеп, зерделеді. Оған Қаныш Сәтбаев, Ермахан Бекмаханов, Евней Букетов өмірінен жазылған көлемді шығармалары дәлел. Ал «Семей қасіреті» сынды туындысы қазақ әдебиетіндегі деректі шығарманың шыңы деуге тұрарлық.
ӘДЕБИЕТ СӘРСЕКЕЕВ, М.СӘРСЕКЕ ІНІСІ
Ал Сәтбаевты бүкіл халық біледі. Ол кісі латынша шығарды, орысша шығарды. Ол кісіге еңбегі Сәтбаев жөнінде 40 жыл өмірін арнады. Тағыда кітаптары жаңғырған. «Көмбе» деген кітаптары бар.
Жиналған зиялы қауым өкілдері Медеу Сапаұлының саналы ғұмырынан сыр шертті, естеліктермен бөлісті.
ОРАЛ ШӘРІПБАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Ал енді Қанышты таныған Медеу Сәрсекеев. Соның өзі Абайдың 180 жылдығында арнайы мындай тақта құрып жатқан ол үлкен қуаныш. Сондықтан, осыны ұйымдастырушыларға біз ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жай тақта емес, бұл үлкен тарихи тақта.
Өмірінің соңына дейін қаламы түспеді қолынан, қаламгердің. Әдебиет әлемінде өзінің айшықты орнын алған жазушының туындылары әлі талай буынға қызмет етері хақ. Өлмес һәм өміршең шығармалар ғана қаламгердің есімін ұмыттырмайды. Медеу Сәрсекенің есімі елдің жадында.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ