СЕМЕЙЛІКТЕР «ТОҚТЫ МЕН СЕРКЕ» ЖАҢА АНИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДІ ТАМАШАЛАУДА
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Тоқты мен Серке» деп аталатын толықметражды анимациялық фильмін жарыққа шығарды. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған жаңа туынды көрермен сұранысына орай жаңа форматта түсірілген. Қазір еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатқан мультфильмге семейлік балалардың да қызығушылығы жоғары.
Еліміздегі кішкентай көрермендердің көзайымына айналған «Balapan» телеарнасына биыл - 15 жыл. «Тоқты мен серке» осы мерейтойға орай прокатқа шығарылған үшінші мультфильм. Жалпы «Balapan» арнасы «Тоқты мен Серке» мультхикаясын 2022 жылдан бері түсіріп келеді.
АЙХАНЫМ ГАБДИМ, КӨРЕРМЕН
Маған осы мультфильм өте қатты ұнады.Осындай мультиктар көп болғанын тілеймін. Каникул өте қызықты өтіп жатыр.
Айгүл Садықова – Астана қаласының тұрғыны. Жазғы демалыстарында жылдағы дәстүр бойынша отбасымен бірге Семейде демалуды жөн көреді. Туған жердің табиғатына тамсанып, тарихи орындарды аралайды. Балаларына көрікті жерлерді көрсетіп, мәдени –рухани ілім жинауына жағдай жасайды. Бүгінгі анимациялық фильмге арнайы келіп отыр.
АЙГҮЛ САДЫҚОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Анималистикалық бейнелер өзіміздің үй жануарларын алған. Көп жағдайларда шетелдік мультфильмдерде біз құбыжықтарды көреміз қорқынышты. Дәл қазіргі жағдайда ешкілер, тоқты барлығы өте қызықты, түрлері өте әдемі, жағымды кейіпкерлер. Мен балаларымның реакциясына қарап отырмын, риза болып күліп отыр. Осындай енді қазақ тілінде анимациялық туындылар болса, біз қуана келер едік.
Мультфильм қос үй жануарының басынан өткен оқиғалардан құралған. Барымташылар қолына түскен олар ұзақ сапар шегіп, ақыры ұрылардан қашып кетеді. Сонымен қатар өзге түліктерді де бостандыққа шығарады. Ұзақтығы бір жарым сағатқа созылатын жаңа туындыны Семей көрермендері қызыға тамашалауда.
Ермек Исабаев