Бородулиха ауданында қос қуаныш. Березовка ауылының балаларына ойын алаңы ашылса, Ивановка ауылындағы мектепке автобус сыйға берілді. Мұның бәрі ауылдағы балалардың білім алып, дамуына қолайлы, қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Березовка ауылына балалар ойын алаңы биыл салынды. Құрылысына 21 миллион теңге бөлінген. Мұндағы ойын және спорттық құрылғыла, әткеншектер, баскетбол алаңы балалардың белсенді және қауіпсіз демалуына арналған. Осыған дейін ойын алаңы болмаған ауыл үшін бұл көптен күткен жаңалық.
ВИКТОР СКОРОБОГАТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Бізде бұған дейін ешқашан ойын алаңы болған емес. Бұл жер бұрын ағашқа толып кеткен, өту мүмкін емес еді. Биыл, әкімімізге рахмет, бар күшін салып, бізге алаң салып берді. Балалар қуанды, ашылу салтанатына бәрі жиналды. Біз өте ризамыз.»
Алаң тамыз айында ашылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа нысан балалар мен қонаққа келетін немерелер үшін нағыз тартымды орынға айналды.
ҚАБЫЛБЕК ӨМІРБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Балалар ойнап жүр. Бұл өте жақсы болды. Мен бұл ауылда көптен тұрамын. Немерелерім келгенде осы жерге ойнауға келеді. Барлығы жақсы, істеген адамдарға рахмет. Балалар тіпті жалаңаяқ жүгіріп жүр. Бұл алаң ауылдың көркеюіне септігін тигізуде.»
Ал Ивановка ауылында мектеп оқушылары үшін жақсы жаңалық –мектепке жаңа автобус берілді. Бұған дейінгі автобус 20 жыл бойы қызмет етіп, әбден тозған болатын. Енді оқушылар ауылдардан жаңа көлікпен қатынайды.
ЕРНАР РАХЫМБАЕВ, ИВАНОВКА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бізде автобус мәселесі өте өзекті болды. Алдыңғы автобусымыз 20 жыл болған ескі техника еді. Негізінде автобустың пайдалану мерзімі 8–10 жыл. Жаңа автобус таңертең сағат 7-де шығып, Березовка мен Сосновка ауылдарынан балаларды алып келеді. Содан кейін 5–6 сабақтан соң, түскі сағат 12-ден кейін бастауыш және орта буындағы балаларды үйлеріне апарады. Кейін сағат 14:00-те тағы бір рейс жасап, жоғары сынып оқушыларын жеткізеді.»
Жаңа автобус барлық талапқа сай: қауіпсіздік белбеулері және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.
МАЛИКА МҰХТАРОВА