Абай облысының әкімі Берік Уәли бүгін қаланы аралап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй аулаларының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, жаңа саябақ құрылсы мен Гагарин көшесіндегі жолдың орташа жөндеу жұмыстарын көрді

ЖЭО-1 ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ЖЭО-1 шамамен 390 тұрғын үйді, 51 әлеуметтік нысанды және 630-нан астам коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы тұтынушылар саны шамамен 25 мың адамға жуық. Оның қуаты сағатына 255 Гкал-дан асады. Мамандардың айтуынша, 1-ші ЖЭО-да көмірге қатысты еш қиындық жоқ. Қазір 74 мың тонна отын қоры жиналған. Ол орта есеппен бір айдан астам уақытқа жетеді. Жылу орталығында жұмыс істейтін 245 қызметкер әр үйге жылу жеткізуге әзір.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
2 күн бұрын дүйсенбіден бастап қосылды. Жылу әлеуметтік нысандардың бәріне берілді. Тұрғын үйлер әзірше артын күтіп қоспай отыр. Әйтпесе, көріп тұрғандарыңыздай барлығы жұмыс істеп тұр. Оған елдер үлгермейді деп күмәнданып еді – олай емес қой. Айқайламай, шулатпай үлгердік бәрін. Ойдағыдай өтіп жатыр. Биыл қаншама желіні, қазандықты ауыстырып алдық.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Шаһардағы аулалар да назардан тыс қалмайды. Балалар алаңқайларындағы ескірген жабдықтар ауыстырылып жатыр. Ал кірпіштен жасалған қақпалар мен шаңды футбол алаңының орнына жаңасы салынады. Мұндай өзгерістер қаланың көптеген аулаларында байқалады. Биылдың өзінде 30 аула жаңғыртылып отыр.

ДӘМЕЖАН ҒҰБАЙДҰЛҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Балаларға өте жақсы, үлкен кісілерге де жақсы болды. Екі үйдің балалары ойнайды, басқа жақтан да келеді, жер үйде де тұратын балалар. Кешке таман мына жақта айқай-шу, өте жақсы.
БАҚТИЯР ТОПАЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биылғы жылы Семей қаласында 35 аула жасап жатырмыз. 30-ы аяқталды, 5-еуі бітуге жақын. 10 октябрге дейін бәрін бітіреміз.

ГАГАРИН КӨШЕСІНДЕГІ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Тамыз айында «Спартак» стадионына дейін жалғасып жатқан Гагарин көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталған еді. Оған жергілікті бюджеттен шамамен 104 миллион теңге бөлінген. Жолдың ескі асфальтін алып тастпа жаңасы екі қабат болып төселеді. Жөндеу жұмыстарын қазан айының ортасында аяқтау көзделіп отыр.

МЕРЕЙ БАЙЫРХАН – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биылғы жылға Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Соның ішінде 16 көшеде ескі асфальтобетон жамылғысы бар көшелерді жаңғырту, ал 36 көше – бұрын соңды асфальт болмаған көшелер, ол жерде жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 25 көше аяқталды, қалғандарында 1-ші қабат асфальтты салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы қазан айының ортасына дейін барлық жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.

ЕКІ АПТА ІШІНДЕ ЖАҢА САЯБАҚ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

Сондай-ақ, Берік Уәлиұлы Қарағайлы ықшам ауданы маңайында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысты. Жаңа кеңістікке 5 гектардан аса аумақ бөлінген. Оның шамамен 26 мың шаршы метрі жасыл желекпен көмкеріледі. Алда шағын сәулет нысандары, орындықтар, жарық шамдары және өзге де қажет құрылғылар орнатылады.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Екі аптада толық аяқталады. Қарағайлы тұрғындарының демалыс орнына айналғалы тұр. Қазірдің өзінде 990 түп ағаш әкелінді, отырғызылады. Жалпы аумағы да кең, сахна қойылады. Тезірек белгіленген мерзімде бітіру керек.

Саябақ сәулеті ерекше. Алаң пішіні киіз үй тәріздес. Бұл қонақжайлылықтың белгісі іспеттес . Шаһар қонақтарының қалаға кірген сәтте алғаш көретіні осы жаңа демалыс орыны болмақ. Аймақ басшысы кеңістіктің көркейуіне атсалысып, бірнеше шырша көшеттерін отырғызды.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК