Мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Шәкәрім университетінде өткен кездесуде түлектерге мемлекеттік қызметке қалай қабылданатыны түсіндіріліп, жеңілдетілген тәртіптер мен арнайы жобалар туралы айтылды.Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасып, өз жолын мемлекеттік қызметтен бастаған жас мамандардың әңгімесін тыңдады.

Кездесуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Жиналған бітіруші курс студенттеріне мемлекеттік қызметке орналасудың шарттары жан-жақты түсіндірілді. Руслан Шариповтың айтуынша, егер студент жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, орташа үлгерімі 3,33-тен жоғары болса, бір жылдың ішінде конкурссыз мемлекеттік лауазымға тікелей тағайындала алады.

РУСЛАН ШАРИПОВ- МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Жас түлектерге мемлекеттік қызмет заңнамасына сәйкес беріліп жатқан мүмкіндіктер жөнінде түсіндіріп өттік. Атап айтқанда, егер азамат жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң, орташа үлгерім балы (GPA) 3.33 және одан жоғары болса, онда диплом алған күннен бастап бір жылдың ішінде ол мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз тағайындалуға құқылы. Алайда, бұл мүмкіндіктің тек ауылдық және аудандық деңгейдегі басшы емес лауазымдарға ғана қатысты екенін атап өту қажет.

Жиында 2025-2026 жылдарға жоспарланған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» туралы да кеңінен ақпарат берілді. Бұл жоба мемлекеттік қызметке қызығушылығы бар, ынталы жастар үшін тәжірибе жинақтап, тиісті дайындықтан өтудің тиімді жолы.

ӘСЕТ АБЖАКОВ- ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жақын арада Абай облысында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында Жас мемлекеттік қызметші мектебінің үшінші легін ашқалы отырмыз. Бұған дейін осындай екі курс өткізіліп, университет түлектері жинақталып, оларға практикаға бағытталған білім беріліп, арнайы сабақтар ұйымдастырылды. Мектеп аясында студенттер мемлекеттік мекемелерде іс-тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болып, диплом алғаннан кейін мемлекеттік қызметке орналасу және тестілеуден өту мәселелері бойынша жан-жақты ақыл-кеңес алды. Бұл бастаманың басты мақсаты – мемлекеттік қызметке талантты әрі дарынды жастарды тарту.

Кездесуге осы мектептің алғашқы кезеңдерінен өткен, бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жас мамандар да шақырылды. Олар студенттермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты кеңестерін айтты.

ТЕМІРЛАН ЗУЛХАРОВ- МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Мен — 90 жылдық тарихы бар Шәкәрім университетінің 2024 жылғы түлегімін. Менеджмент және басқару мамандығы бойынша білім алып, аталған оқу орнын сәтті тәмамдадым. Студенттік кезімде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасына қатысып, оны толық аяқтап, алғашқы түлектерінің бірі атандым. Аталған жоба аясында мемлекеттік қызметке қажет негізгі дағдыларды меңгеріп, диплом алған соң жаңа іріктеу жүйесі бойынша барлық кезеңдерден сәтті өтіп, мемлекеттік қызметке қабылдандым. Осылайша менің еңбек жолым мемлекеттік қызметтен басталды.

Осындай кездесулер жастарға мемлекеттік қызметті жақынырақ танып, оның мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА