Еңбекқорлық – адамды алға жетелейтін басты құндылық. Жастардың бойына адал еңбектің мәнін сіңіру - бүгінгі күннің маңызды міндеті. Елімізде маңдай терімен нәпақа тауып, отбасын асырап отырған жандар аз емес. Бүгін біз сондай еңбек адамдары жайлы сөз қозғаймыз.

61 жастағы Ерболат Баямбетов – Бақыршық өңірінің тумасы. Ол алғаш еңбек жолын тау-кен өндірісінде бастап, шахтада ұзақ жылдар жұмыс істеген.Қалаға келіп ресми жұмысқа тұрғаннан кейін, жаңа кәсіпті меңгерген.Ол отбасының берекесін келтіріп, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

ЕРБОЛАТ БАЯМБЕТОВ- ҚҰРЛЫСШЫ
Мен Бақыршық деген жердің тумасымын. Сол жерде шахтада бірнеше жыл жұмыс істедім. Шахта жабылғаннан кейін осы кәсіпке ауыстық – жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысамыз. Осылай жұмыс жасап келеміз. Жағдайымыз жақсы, табысымыз бар. «Еңбек етсең ерінбей,тояды қарның тіленбей» дейді ғой, сондықтан нәтиже көріп отырмыз. Жастарға айтарым: біз сияқты жасымыз жеткен адамдар осы кәсіпте еңбек етіп жүрміз. Сондықтан жастар да үйреніп, осы істі игерсе жақсы болар еді. Бұл кәсіп – өлмейтін мамандық.

Еңбекқорлық – адамға бала күннен дарытылатын қасиет. Бұл әке-шеше тәрбиесімен бойға сіңіп, үлкендердің өнегесі арқылы қалыптасады дейді – 59 жастағы слесарь Мұрат Ұлықпанов. Ол 50 жасында Электротехникалық колледжде оқып, слесарь мамандығын меңгерген. Қазір осы салада еңбек етеді. Бұған қоса, 20 жылдан астам уақыт бойы құрылыс саласын қосымша табыс көзі етіп отыр..

МҰРАТ ҰЛЫҚПАНОВ- СЛЕСАРЬ
Еңбекке кішкентай кезден үйрету керек. Біздің кезімізде үлкен кісілердің, әке-шеше, ата-әжелердің әңгімесін тыңдап өстік. Соғыстан кейінгі қиыншылықтар туралы, қолмен шөп шауып, бидай терген туралы әжемізден, атамыздан естіп, сол арқылы бізді еңбекке баулыды. Соның нәтижесінде, зейнетке 2-3 жыл қалса да, әлі де еңбек етудеміз. Жастарға айтарым: еңбек етуден қорықпаңыздар. Қандай жұмыс болса да ұялып, бас тартпау керек. Жастықта бағындыратын қамал көп. Қорықпай, қай салада болса да, еңбек ету керек деп ойлаймын.

Қай жаста да жаңа білім алуға, жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік бар. Бастысы- талпыныс пен ізденіс. Ал аға буынның тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі. Өйткені еңбекқорлық- елдің ертеңін айқындайтын негізі күш.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА