2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Реформа негізінде салық жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды, салық мөлшерлемелері, есептілікті ұсыну тәртібі өзгеріп, салықтық әкімшілендіру жүйесі қайта қаралады. Толығырақ келесі сюжетте.

Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер жан – жақты айтылды. Құжат салықтық есептілік көлемін үштен бірге қысқартуды және бірқатар алымдар мен баждарды жоюды қарастырады. Сондай-ақ, корпоративтік табыс салығы, қосымша құн салығын және жеке табыс салығының мөлшерлемесіне де ерекше басымдық берілді.

РУСЛАН ДАНИЯРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бәріңізге белгілі, биыл 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойылды. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа Салық кодексі ауқымды салық реформасын алып келеді. Яғни, Қазақстандық бизнес 2026 жылдан бастап мүлдем жаңа жағдайларда жұмыс істей бастайды. Өзгерістер салық заңнамасының әртүрлі аспектілерін қамтиды. Оның ішінде салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту, кейбір салықтар мен алымдарды 20%-ға жою, салық мөлшерлемесін түзету, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруге жаңалықтар енгізу жоспарланған».

Негізгі өзгерістер корпоративтік табыс салығына қатысты. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда кейбір салаларға өзгерістер енгізілген. Банктік секторы мен ойын бизнесі үшін мөлшерлеме 25%-ға дейін, ал лизингпен айналысатын компаниялар үшін 10% болады. Білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салалары үшін жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізіледі: Ол 5 және 10 пайыз аралығында болады. Сондай-ақ, қосылған құн салығы да өзгереді. Келесі жылдан бастап оның мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды.

РУСЛАН ДАНИЯРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Жалақыдан базалық салықтық шегерім қазіргі 14 АЕК – тің орнына 30 АЕК мөлшерінде белгіленді. Бұл шамамен 118 мың теңге. Мысалы, 200 000 теңге жалақы кезінде 14 АЕК шегерімі мен әлеуметтік аударымдарды есепке ала отырып, төленетін сома 163 900 теңге болады. Ал 30 АЕК шегерімі қолданылғанда төленетін сома - 170 200 теңге болады. Көріп отырғаныңыздай, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдер өзгерісі қарапайым қызметкерлердің жалақысын аздап ұлғайтады».

Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерінің жүйесі оңтайландырылып, бизнесте бөліну тәуекелдері азаяды және салық тексерулерін жүргізуге жаңа тәсілдер енгізіледі. Сондай-ақ, энергетикалық сусындарға акциз салығы енгізіліп, люкс тауарларға, яғни қымбат көліктерге, яхталар және жылжымайтын мүлікке қосымша салықтар салынады.

РУСЛАН ДАНИЯРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Маңызды бір жайт, егер бизнес қарызының мөлшері 20 АЕК-тан аспайтын болса, оның қызметі тоқтатылмайды. Мұндай жағдайда тек салықтық қарыз бар екені туралы хабарлама жіберіледі, басқа шаралар қолданылмайды».

Департамент басшысының айтуынша, енгізілген жаңалықтар салық жүйесін оңтайландыруға, әлеуметтік салаға қолдау көрсетуге және экономиканың ашықтығына бағытталған. Алдағы уақытта әрбір азамат пен кәсіпкердің салықтық міндеттемелері келесі жылдан бастап қалай өзгеретінін түсіндіру мақсатында жан – жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ