Семей қаласы соңғы күндері екі өңірдің достығы мен ынтымақтастығының ордасына айналды. Қалаға Қызылорда облысының әкімі бастаған арнайы делегация келіп, бірқатар кездесулер өткізді. Сапар барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысу және қызылордалық өнерпаздардың өнеріне басымдық берілді.
Сыр өңірінен келген қонақтар назарына Семейдің өндіріс орындары ұсынылды. Делегация мүшелері автобус шығаратын «Daewoo Bus Kazakhstan», жүк көліктері мен арнайы техника құрастыратын «СемАЗ» кәсіпорнындарына барды. Елімізден тысқары жерлерге өз өнімдерімен кеңінен танымал «Казполиграф» зауытында болды
ҚАЙРАТ ОМАРҒАЛИЕВ – «ҚАЗПОЛИГРАФ» ЖШС СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ
Бүгінде "Казполиграф" ЖШС-де жеті жүз адам жұмыс істейді, біз төрт бағыт бойынша өнім шығарамыз. Сол өндірісті толықтай көрсетіп, соңғы он жыл ішінде жүргізілген жаңғырту шараларымен таныстырдық. Біздің құрылтайшымыз Омаров өндіріс орындарын Еуропа елдерінен әкелінген жаңа құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Бізге жаңа технологияларды үйретуге жағдай жасады. Қонақтарымызға соның барлығын көрсеттік.
Кешке Алаш аспаны өнер мен мәдениеттің мерекелік рухына бөленді. Абай атындағы театрда Қызылорда облысының мәдениет күні аясында гала-концерт өтті. Сахна төріне 200-ден астам өнерпаз шықты. Олардың қатарында Тұрмағанбетов атындағы халық оркестрі, «Томирис» ән, «Сыр самалы» вокалды-аспаптық ансамблі және басқа да өнер ұжымдары болды.
ШОЛПАН БЕЙІМБЕТОВА- ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ ӘРТІСІ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
Бүгінгі күнде Семей, яғни Абай облысы мен Қызылорда облысының ортасында біз үлкен алтын көпір — рухани байланыс орнатып келеміз. Бүгін, міне, Семей халқының алдында сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне бөленіп, үлкен рухани қолдау мен жігер алып жатқан жайымыз бар.
Көрермен қонақтарды зор ықыласпен қарсы алып, әрбір қойылымды ерекше әсермен тамашалады. Көпшілік сахнадағы ұлттық киімдердің сәнін, ырғақты би, әуезді ән мен әртістердің кәсіби деңгейін жоғары бағалады.
Концертті тамашаладым. Сыр елінен келген әртістер тамаша өнер көрсетті. Мен өзімде оңтүстіктің тумасымын, сондықтан көңілім толқып көрдім, өте әсерлі. Өнерпаздардың бейнелері, әндері өте тамаша және киім үлгілері өте ерекше болды. Жақсы әсер алдым, барлығы ұнады.
Осы концерттен ерекше әсермен шықтық, себебі би, барлығы күшті әсер қалдырпды, бізге жеткізе алды.
Бұдан бөлек, «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылып, онда екі жүзден астам құнды жәдігер қойылды. Олардың ішінде сақ дәуірінің жауынгерлері мен ханшайымдарының археологиялық бейнесі, этнографиялық мұралар, сирек кітаптар мен қолжазбалар бар.
ЭЛЬЗИРА САҒИТЖАНОВА-ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Жалпы, бұл — біріктірілген ауқымды экспозициялық көрме. Бұған дейін атап өткендей, "Сыр өңірі — түркі өркениетінің алтын бесігі" атты тақырыпты қамтитын бұл көрме ежелгі сақ дәуірінен бастау алады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер Сыр елінің тарихи маңызын айқын көрсетеді. Қызылорда облысы — өзінің бай тарихында төрт рет астана болған киелі мекен. Бұл көрмеде сол тарихи кезеңдердің әрқайсысын бейнелейтін ерекше жәдігерлер ұсынылып отыр.
Сапар қорытындысында Абай облысының әкімі Берік Уәли мұндай кездесулердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Семей мен Қызылорда – қазақ тарихында ойып тұрып орын алған ерекше өңірлер. «Абайға құрмет» бастамасы аясында қызылордалықтар Семей жерінде рухани орталық салуды жоспарлап отыр.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл — тәрбиелік мәні зор, ұрпаққа өнеге болатын зор сый. Себебі, батыр да, ақын да — бәрі анадан туған. Ана – барлығымыздың киелі бастауымыз. Сондықтан осындай орталықтың ашылуы – рухани ескерткішке пара-пар. Осы орайда, Нұрлыбек Нәлібаев мырзаға және барша Сыр елі жұртшылығына шынайы алғысымызды білдіреміз. Осындай мәдени байланыстар – халықтар арасындағы достықты бекемдей түседі. Бұл байланыстардың болашақта да жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Осылайша, экономика мен мәдениетті, дәстүр мен жаңа бастамаларды тоғыстырған бұл сапар жай ғана кездесу емес, екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындаған маңызды басқосу болды.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА