Кездесу алдында аймақ басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Берік Уәлиұлы көтерілген түйіткілдердің назардан тыс қалмайтынын, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Ал жалпы кездесу Ақсуат ауданы әкімінің баяндамасынан бастау алды. 2025 жылдың 8 айындағы көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, аудан басшысы.

ЕРСІН ЕСКЕНДІРОВ – АҚСУАТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
2025 жылдың 8 айында ауданның негізгі әлеуметтік даму көрсеткіштері бойынша былтырғы жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны бар. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 443 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 110% болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17 млрд 218 млн теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда, өсім 2 ұлғайды.

Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Облыс әкімі Жолдауға тоқтала отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлары турасында баяндады.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әлеуметтік нысандарды, барлық өзекті мәселелерді әр келен сайын Ақсуатқа, осы проблемаларды шешуге, оны шешіп қана қоймай, қаражат бөліп, жұмыстарды кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз. Әлі де атқаратын жұмыс көп.

Кездесу барысында аудан тұрғындары көптен бері мазалаған сауалдарын қойып, шешімін таппаған мәселелерді қозғады. Аймақ басшысы қордаланған түйіткілдердің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

АҚСУАТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Шекаралық аймақтың ерекшеліктерін білесіздер. Әйел адамдар 50 жастан, ал ер адамдар 55-тен зейнетке шығады. Мына сізден өтінетініміз, Ақсуатты шекаралық аймаққа қайта жатқызсаңыз екен.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қытаймен шекаралас екеніміз рас қой, сол себепті бұл көтеріп отырған сұрағыңыз өте орынды. Көтереміз бұл мәселені, заң аясында шешеміз.

Жыл басында Ақсуат өнерпаздары Франция астанасы - Париж төрінде Наурыз мерекесі аясында өнер көрсеткен еді. Тұрғындардың сөзінше, қазір ұлттық өнерге бет бұрғандар көп. Аудан орталығындағы мәдениет үйіне жаңа техникалық жабдықтар қажет екенін айтты, олар.

АҚСУАТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мына руханият пен мәдениетке ықыласыңыздың ерекше екенін көріп, біліп, оқып, танып, сізге осы Ақсуат мәдениет үйіне заманауи, соңғы үлгідегі музыкалық аппарат берсеңіз деген өтінішіміз бар.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мәдениет басқармасыынң басшысы өздерінің бауырларыңыз, жерлестеріңіз. Елдің көзінше тапсырма берем, келесі аптада аппаратураны әкеліп тастайсың.

Жиын соңында облыс әкімі Кіндікті ауылындағы орта мектептің 60 жылдығына орай ұжымға заманауи LED экранның сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, ауданның білім сапасын арттыруға үлес қосып жүрген ұстаздарға арнайы алғыс хаттар берілді.