Курчатов қаласының экономикасы тұрақты өсуде. Соңғы жылдары кірістері артып, бюджеттің мүмкіндігі кеңейген. Бұрын экономикасы Ұлттық ядролық орталыққа тәуелді болса, қазір шағын және орта бизнестің үлесі көбейді. Алдағы жылы Курчатовта екі ірі өндірістік кешеннің құрлысы жоспарлануда. Оның бірі - көмірді терең өңдеуге арналған химия кешені, екіншісі - қуаттылығы 700 МВт болатын электр станциясы. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда қалада 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

БОЛАТ ӘБДІРӘЛИЕВ- КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Соңғы жылдары қала өз кірістері бойынша өсуін көрсетуде, мысалы: 2022 жылғы 1,8 млрд.теңге түсімімен салыстырғанда 2023 жыл 2,1 млрд.теңгеге орындалып 15% өсімін көрсетті, 2024 жыл 2,5 млрд.теңгемен 16% өсім, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 17% өсімімен 3 млрд.теңге жоспарлап отырмыз. Қаламыздың қала құраушы мекемесі болып табылатын Ұлттық ядролық орталығында қала тұрғындарының 20%-дан астамы жұмыс істейді. Бүгінгі күні қала құраушы кәсіпорыннан бюджетке түсетін салық үлесі 70%-дан 48%-ға дейін төмендеді, бұл өз кезегінде қаланың қарқынды дамып келе жатқанын және монотәуелділіктен жүйелі түрде шығып жатқанымызды көрсетеді.

Инфрақұрылымдық жобалар да назардан тыс қалмаған. Қаладағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру арқылы пәтер кезегін азайту көзделіп отыр. Биыл 36 пәтерлі үй жөндеуден өтті. Жақында тағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылады. Жолдар бойынша да ауқымды жоспар бар. «Павлодаржолдары» компаниясымен жасалған келісім аясында қала көшелері толық жаңартылады. Сонымен қатар көптен күткен Курчатов–Павлодар автожолы аяқталуға жақын.

БОЛАТ ӘБДІРӘЛИЕВ- КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Школьная көшесі, 2 мекенжайындағы 36 пәтерлі үйдің қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Күзде Абай көшесі, 35 мекенжайындағы 70 пәтерлі үйдегі жұмыстар да толық аяқталады. Тәуелсіздік көшесі, 27 мекенжайындағы үйдің жөндеу жұмыстары басталды. Жақын арада Абай көшесіндегі 33 және 37 үйлерде жөндеу жұмыстары қолға алынады деп күтілуде. Қала ішіндегі көше жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын келісімшарт «ПАВЛОДАРЖОЛДАРЫ» ЖШС-мен жасалды.

Осылайша қала халқының өмір сапасын жақсарту басты назарда. Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласына инвестициялар тартылып жатыр. 2026 жылы Курчатовқа «Ғылым қалашығы» мәртебесі беру туралы ұсыныс болған. Бұл қаланың ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа зерттеу жұмыстарына жол ашады. Ядролық технологиялар мен инновацияға негізделген даму бағыты Курчатовты Қазақстандағы ғылым мен өндірісті тоғыстырған маңызды орталыққа айналдырады.


А.ӘЛИХАНОВА