Семей қаласының тұрғындары мен қонақтарын дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен «RetroFest» музыкалық бағдарламасы қуантты. Бұл қала күніне орай ұйымдастырылды. Біздің түсірілім тобы жәрмеңке мен ретро-кешке қатысып қайтты.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өткен жәрмеңке қала күнін атап өтудегі игі дәстүрге айналды. Онда тұрғындарға ет, сүт өнімдері, шұжық, балық, бақша дақылдары мен көкөністер 10–15 пайызға төмен бағада ұсынылды.

ӘСЕМ МҰСАҚАНОВА – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл жерде тұтынушыларға ет, сүт өнімдері, шұжық, бал, көкөніс, қауын, қарбыз ұсынылып жатыр. Нраықтық бағадан 10-15 пайыз төмен. Халық таңғы сағат 7.30-дан бастап жүр. Өте белсенді, ризашылықтарын білдіріп, көріп тұрғандарыңыздай өте белсенді қатысып жатыр.

Жәрмеңке аясында «Қымыз Fest», «Қауын Fest», «Бауырсақ Party» ұйымдастырылды. Онда қатысушылар өз өнімдерін ұсынып, семейліктерге дәм татқызды.

ЗАМЗАГҮЛ ХАСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қала күнімен семейліктерді құттықтаймын. Дендеріңіз сау болсын, қаламыз гүлдене берсін. Осындай жақсы жәрменкелер бола берсін. Басқа нелерге қарағанда бағалар төмен екен. Ана жерде ыстық бауырсақ пісіп жатыр, сонда очередь. Тамаша енді. Жақсы.

Қала күніне орай ұйымдастырылған «RetroFest» музыкалық бағдарламасы да көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында 70–90 жылдардағы ретро әндер орындалып, жергілікті өнерпаздар өткен жылдардың әуенін қайта жаңғыртты.

МАРЖАН БАХАТОВА, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қаламызда «Семей – RetroFest» атты ескі әндер ретро-фестивалі өтуде. Осы іс-шараны семейліктер жыл айын тамашалайды. Ескі әндердің орны қашанда ерекше. Сондықтан да, қалалықтарды Семей қаласының күнімен құттықтаймыз. Тамаша көңіл күй сыйлап, фестивальге қатысқан өнерпаздарымызға алғысымызды білдіреміз.

Көрермендер таныс әуендерге қосылып ән айтып, би билеп, мерекелік атмосфераны сезінді. Аға буын үшін бұл балалық шақ пен жастықты еске алу сәті болса, жастар үшін сол жылдардың мәдениетімен танысуға мүмкіндік болды. Мерекелік бағдарлама әр буын өкілдерін тоғыстырып, қуаныш пен ұмытылмас әсер сыйлады