Қазақстанда 2014 жылдан бастап қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Еңбек күнi – адамдарды ынталандыру, қолдау және шабыттандыру үшін әр елде атап өтіледі. Атаулы күн аясында қалалық қоғамдық көлік жүргізушілеріне құрмет көрсетілді.

Баршамызға белгілі, 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл ретте «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деген еді Мемлекет басшысы. Еңбек адамына құрмет атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбиенің бірі. Еңбек күні қарсаңында әртүрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мақсаты - еңбек адамының мәртебесін көтеру. Семейдегі қоғамдық көлік жүргізушілеріне атаулы күнге орай, құрмет көрсетілді.

ТЫНЫШГҮЛ АХАЙҚЫЗЫ, М.ТӨЛЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ УЧИЛИЩЕНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Біз еңбек күніне орай, жұмысшы мамандарды, қала тұрғындарын, қоғамдық көлікте отырған барша халықты мерекемен құттықтауға шықтық. Көріп тұрғындай музыкалық училищенің студенттері бар, баршамыз осы халыққа жақсы көңіл-күй сыйлайық деген мақсатпен қалаға шықтық бүгін.

Қоғамдық көлік жүргізушілері уақытпен санаспай жұмыс істейді. Нағыз еңбектің адамдары. Ала таңнан кеш батқанға дейін қала тұрғындарының уақытылы қатынауын қамтамасыз етеді. Олардың көңілін көтеру үшін, шығармашыл жастар автобустарға отырып ән шырқады. Тосынсый жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да көңілін көтерді.

ПАВЕЛ САЛАХУДДИНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ
«Қызықты. Мереке қашан да жақсы ғой. Менің еңбек өтілім сонау 1975 жылдан басталады. Ал қоғамдық көлікті 1986 жылдан бастап жүргізіп келемін».
Автобус жүргізіп жүрген кісілерді құттықтаймын. Ертелі кеш жүреді. Жақсылық тілеймін халқыма. Еңбектері жансын.

Осылайша жастар, тұрғындарға жүргізуші мамандығының маңызын жеткізуге тырысты. Кез келген жұмыста табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Қала көшелерінде жолаушылар тасымалдайтын көлікті тізігіндеген азаматтар осындай шебер жандар.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ