Бүгін, 23 қыркүйек күні, кешкі сағат 20:00-ден кейін Семей қаласында қалалық су құбырлар желілерін жуып-шайып, дезинфекциялау бойынша ауқымды жұмыстар басталады. Сонымен қатар, мердігер ұйым Қозбағаров көшесіндегі су құбырын қосу жұмыстарын бастайды. Осыған байланысты қалада бір тәулікке су беру уақытша тоқтатылады. Су шаруашылығы тұрғындардан жеткілікті су қорын жинап алуды сұрайды.

Коммуналдық қызмет өкілдерінің түсіндіруінше, бұл ауыз судың сапасын жақсарту үшін қажет. Жұмыс қала тұрғындарына уақытша қолайсыздық тудыруы мүмкін. Мамандар жоспарланған жұмысты тез аяқтауға тырысуда.

ТАЛҒАТ КЕНЖЕБАЕВ – «СЕМЕЙ ВОДОКАНАЛ» ШЖҚ КМК БАСШЫСЫ
Тұрғындарға суды мүмкіндігінше жедел беруге тырысамыз. "Семейводоканал" Семей қаласының тұрғындарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.

Мамандардың айтуынша, дезинфекция кезінде суға көп мөлшерде хлор қосылады.Су құбырға жіберілмес бұрын, ол толықтай бақылауға алынады. Тек содан кейін ғана желіге таза су жіберіледі.

ТАЛҒАТ КЕНЖЕБАЕВ – «СЕМЕЙ ВОДОКАНАЛ» ШЖҚ КМК БАСШЫСЫ
Күндіз біз құбыр желілерін жуып-шайып, дезинфекциялағаннан кейін, оны сынама жасап, содан кейін ағызып жібереміз, яғни желіден толықтай тазартып аламыз. Осыдан кейін ғана суды қолдануға болады. Бұл жұмыстардың барлығын біз бір күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Қозбағаров көшесіндегі жұмыстар бір ай көлемінде жалғасып келеді. Мердігер ұйым диаметрі 600 миллиметр болатын болат құбырды толық ауыстырып, енді абоненттерді жаңа желіге қосуды көздеп отыр.

ӘСЕТ АРҒЫНБЕКОВ – МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛІ
Жұмыс басталғанына бір ай он күн болды. Бұл қаланың қақ ортасы және де үлкен, көптеген коммуникациялар өтіп отыр. Бізге біраз қиындық болды, бірақ соған қарамастан жұмысты уақытына бітіреміз деп ойлаймыз.

Қаланың сол жағалауы мен Затон аумағында ауыз су 24 қыркүйек күні таңертең беріле бастайды. Ал қаланың орталығында Қозбағаров көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар су құбырларының жағдайын жақсартып, семейліктерді болашақта тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК