Мемлекет басшысы Жолдауына әлеуметтік масылдықты азайту керектігін айтқан болатын. Енді әлеуметтік саясат жаңа бағытта жүзеге аспақ. Яғни, мемлекеттен көмек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана беріледі. Осы мақсатта Абай облысына келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов тұрғындармен кездесу өткізіп, бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Вице-министр өңірдің белсенді азаматтарымен жүздесіп, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік осал топтардың мәселелерін талқылады. Алдағы уақытта мемлекеттен көмек тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана беріледі.
АСҚАР БИАХМЕТОВ- ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Жолдау барысында әлеуметтік масылдықты жою мәселесі қойылды. Көмекті тек қана шын мұқтаж адамдар алу қажет екені атап өтілді. Сондықтан қазіргі уақытта біздің Еңбек министрлігі тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бүгінгі таңда республикалық деңгейден қаржыландыратын барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, олардың саны – 41, олар сақталатын болады. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыс тек жергілікті мемлекеттік органдар ұсынатын және көрсететін мемлекеттік көмектерге қатысты.
Асқар Биахметовтың айтуынша, жұмыссызбын деп жәрдемақы алғысы келетіндерге талап күшейтіледі.
АСҚАР БИАХМЕТОВ- ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмекті алатын адамдар міндетті түрде біздің Мансап орталықтарына жүгінеді. Ондай азаматтарға білім деңгейі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс ізделіп, ұсынылады. Егер адам жұмысқа орналаспаса, онда ол әлеуеттік көмектен алынып тасталуы тиіс. Қазір осы бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Адам ең алдымен еңбек етуі керек және өзінің еңбегіне лайықты жалақы алуы тиіс. Өмір бойы оқып, білім деңгейін арттыру маңызды.
Сапар барысында вице-министр «СемАз» және «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» кәсіпорындарының жұмысымен танысып, жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады. Ал әлеуметтік саладағы жаңа өзгерістер жыл соңына дейін нақты тетіктермен бекітіледі деп күтілуде.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА