Абай облысында туризм саласын ілгерілету мәселесі қайта назарға алынды. Семе́й қаласында өткен арнайы жиында облыс әкімі Берік Уәли өңірдің туристік әлеуетін арттыру жолдарын талқылап, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Алакөл жағалауын абаттандыру мен жаңа демалыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар ортаға салынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризмді ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде атап өткен болатын. Осыған орай, өңірде бұл саланы дамытуға жүйелі көзқарас пен нақты қадамдар қажет екені айтылды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, 2025-2027 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленіп, іске асырыла бастаған. Құжат аясында 8,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаржы инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа нысандар салуға және туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ.
МАРАТ ҚАБАҚОВ-АБАЙ ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Абай өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен сын-ескертпелеріне сәйкес ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Берік Уәлиұлы Алакөл аймағына ерекше назар аударып отыр. Наурыз айынан бастап ол бірнеше рет Алакөлге барып, көшпелі жиындар өткізді. Туристік аймақтың дамуы мен келушілердің қауіпсіздігін жеке бақылауында ұстап келеді. Қазіргі таңда келесі туристік маусымға дайындық жұмыстары басталып кеткен. Алакөл жағалауына 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінді.
Кәсіпкерлер де жиында өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Бесқарағай ауданында демалыс орнын ашқан кәсіпкер Қанат Жақыпов қазіргі таңда Ресей мен Қытайдан туристердің келе бастағанын жеткізді. Алайда, электр қуатының жиі сөнуі сияқты мәселелер бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын жасырмады.
ҚАНАТ ЖАКУПОВ – «МАКЛАКОВ» ДЕМАЛЫС БАЗАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Біздің Старая Крепость ауылында жарық аптасына 4 рет өшеді. Жалпы, электр қуаты жиі ажыратылады. Ал бізде бәрі электр жүйесімен жұмыс істейді. Жарық сөнсе – бүкіл жүйе тоқтап қалады.
Кездесу соңында облыс басшысы барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтып, кәсіпкерлер көтерген түйткілдер жеке қаралатынын жеткізді..
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өзекті мәселелер аз емес. Біздің ортақ мақсатымыз – Абай облысының ең тартымды өңірлері мен туристік нысандарын дамыту арқылы облысқа туристерді тарту және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу. Бүгінгі кездесуде өте құнды пікірлер айтылды, олардың барлығы жазылып алынды.
Жиын қорытындысында туризм саласын дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейтіні айтылды. Облыс әкімдігі алдағы уақытта барлық ұсыныстарды мұқият қарап, нақты жоспар құрып, оларды іс жүзінде жүзеге асыруды қолға алмақ.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА