Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы алаңында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық деңгейде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мұнда түрлі мекемелер тұрғындарға нақты жұмыс орындарын ұсынды. Бұл жастар үшін еңбек нарығындағы сұранысты білуге және өз жолын таңдауға таптырмас мүмкіндік болды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 40-тан астам мекеме қатысып, 300-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. Жалпы алғанда 156 жұмыс беруші 600-ге жуық қызмет түрін таныстырды. Мыңнан астам тұрғын жәрмеңкеге келіп, мамандықтарына сай ұсыныстарды қарап, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесті.
АЙМАН НҰРЛЫБЕК- ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Еңбек күні қарсаңында еңбек адамының мәртебесін көтеру, оны дәріптеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Сол шаралардың бірі – бүгін өтіп жатқан облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Қазіргі таңда облыс бойынша 2000-нан астам бос жұмыс орны бар. Бұл жәрмеңкеге 130-дан астам кәсіпорын қатысып, өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Олардың ішінде 33-і — ірі кәсіпорындар.
Сондай-ақ алаңда, мемлекеттен 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алған 11 кәсіпкер өз өнімдерін тұрғындарға ұсынды. Ұлттық тағамнан бастап қолөнер бұйымдарына дейінгі тауарлар жәрмеңкенің көркін келтірді.
АЙДЫН СЕРІКҚАЗЫ- КӘСІПКЕР
Қазіргі уақытта қымыз бен саумалдан жасалған балмұздақ өндіру кәсібімен айналысып жатырмыз. 2023 жылы Мансап орталығының қолдауы арқылы мемлекет тарапынан 1 млн 490 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алдық. Бүгінде Семей қаласында өтіп жатқан облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып отырмыз.
Келушілер бос орындармен танысып, бірнеше ұсынысты саралап, өздеріне лайықты қызметтерді таңдап жатты. Көпшілік мұндай ашық форматтағы жәрмеңкенің тиімділігін атап өтті.
РАХЫМ КҮМІСБЕКОВ- ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осындай жәрмеңкелер халық үшін өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені әр жерге бармай-ақ, бір жерде бірнеше жұмыс орнын қарастыруға мүмкіндік бар. Өзім де мамандығым бойынша жұмыс іздеп келдім. Қазір, өздеріңіз білесіздер, заман талабына сай жұмыс істеу керек, денсаулық болса, еңбектенуге мүмкіндік бар. Тағы да айта кетейін, жәрмеңкеде әртүрлі мамандықтар бойынша бос орындар ұсынылған, бәрі қолжетімді. Кәсіпорын өкілдері де түсінікті әрі нақты жауап беріп жатыр, бос жұмыс орындары бар екен.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде – тұрғындар мамандығына сай қызмет тапса, ал жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды табуға мүмкіндік алды.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА