Халықпен жүздескеннен кейін облыс әкімі Берік Уәли ауданның күнделікті тіршілігімен танысты. Әлеуметтік нысандарды аралап, жаңа кәсіпорындардың құрылысын көрді. Сондай-ақ шекараның түбінде тұрған ,шалғайдағы ауылдарға барып, тұрғындардың жағдайын білді.

Мақаншы ауданында тұрғындар жиі көтеретін мәселе - сапалы медицина еді. Аудан орталығында құны 2 миллиард теңгеден асатын заманауи дәрігерлік амбулатория салынды. Құрылысы былтыр көктемде басталған нысанда негізгі жұмыстар аяқталған

ШЫҢҒЫС РИАХАНОВ-АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Қолданысқа қараша айында беріледі деп күтілуде. Амбулатория ішінде кардиология және әйелдер консультациясы сияқты өте маңызды бөлімдер бар. Бұл медициналық амбулатория толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жақын арада Мақаншы ауданының тұрғындарына қызмет көрсете бастайды деп ойлаймыз.

Облыс әкімі мүгедектігі бар жандардың мәселелерінде назардан тыс қалдырған жоқ.Осы сапарда жаңа инватаксидің кілтін табыстады.

БЕРІК УӘЛИ- АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауданда қазіргі таңда 86 ерекше бала бар. Оларға арнайы жеке такси болмаса, көбі тасымалдауда қиындыққа ұшырайды. Сол 86 балаға қызмет көрсететін инватаксидің кілтін ауданға табыстауды жоспарлап отырмыз.

Берік Уәли одан кейін ауылда салынып жатқан құрама жем зауытының құрылыс барысын көрді. Кәсіпорын биыл іске қосылады деп жоспарлануда. Зауыт жылына мың тонна жем шығарып, сондай көлемде бидай мен күнбағыс дәнін өңдей алады. Кәсіпкерлер майлы дақылдардан 300 тонна өнім алуды межелеп отыр. Бұл жерде 120 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Шығарылатын күнбағыс майы мен өзге өнімдер ауыл шаруашылығын дамытып, аудан экономикасына үлкен табыс әкелмек.

ДӘУРЕН ҚОЙГЕЛДИН-МАҚАНШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Май зауыты болғандықтан, арғы жағында 2 мың гектар суармалы жерді ұйымдастырып, өзіміз суаратын боламыз. Көктем айларында толық поливтік құрылғыны – тамшылатып суару жүйесін – орнатамыз.

Сапар Қарабұта ауылында жалғасты. Ауылдың басты кәсібі — мал шаруашылығы. Мұнда 300-ден астам үй бар. 100-ден аса бала оқитын жаңа мектеп пен дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Облыс әкімі амбулаторияның жағдайымен танысты. Тұрғындар алғаш рет облыс басшысы келіп отырғанын айтып, ризашылығын білдірді.

БЕЙСЕНҒАЛИ САДУОВ-ҚАРАБҰТА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мен қазір 71 жастамын. Бұл ауылға облыс әкімінің алғаш рет келгенін көріп отырмын. Ауылда су мәселесі әлі шешілмеген күйде тұр. Ескірген башняларды ауыстыру қажет. Қалғаны бәрі жақсы. Болашақта су бөгеттері салынып, су тартылса және суармалы жерлерді игерсек, ауылымыз көркейіп, дамитын болады.

Берік Уәли бұдан кейін ауданның ең қиыр шетінде, таудың арасында орналасқан Ақшоқы ауылына барды. Семейден 700, ал аудан орталығынан 70 шақырым қашықтағы шекаралық ауылға жету оңай емес. Соған қарамастан әкім арнайы ат басын тіреп , тұрғындардың пікірін тыңдады. АҚШОҚЫНЫ шалғай деп жатпай, жақсы жаңалық ала келді. Енді мұнда кезең-кезеңімен интернет байланысы артады. Ал мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін сүйіншіледі.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА