«ҰНАЙДЫ МАҒАН» ТЕЛЕШОУЫНЫҢ СЕМЕЙДЕГІ КАСТИНГІ

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы жаңа музыкалық талант шоу «Ұнайды маған» жобасына қатысушыларды іріктеуді бастады. Бұл еліміздің түкпір-түкпірінен талантты өнерпаздарды анықтап, оларды үлкен сахнаға шығару мақсатында ұйымдастырылған ерекше жоба. Ұлттық арнаның Семейдегі филиалындағы кастингке келушілер көп болды.

Бағын сынап көруге келгендер арасында бала күнгі арманына жетуді көздегендер де бар. Солардың бірі – 76 жастағы Мәрия Демеубаева. Ән айтуға деген құштарлығы ерекше.

МӘРИЯ ДЕМЕУБАЕВА – ҚАТЫСУШЫ
Мен бүгін Семей телеарнасында Ұлттық арна ұйымдастырып жатқан «Ұнайды маған» шоуға қатысқалы келіп тұрмын. Енді мұнады мақсатым өзім әнді жақсы көремін ән айтқанды, сол бала кездегі арманымды орындап жатырмын қартайғанда. Осына қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін, өзіме жеңіс тілеймін.

Шоуға тек жеңіс үшін емес, ел ішіндегі өнерді таныту мақсатында қатысып жатқан өнер иелері де аз емес. Моңғолиядан келген Нұрбақыт Азамат – өзінің шығармашылығын көпшілікке көрсетсем дейді.

НҰРБАҚЫТ АЗАМАТ – ҚАТЫСУШЫ
Осы жобаға қатысып жатқан себебім біріншіден ол әрине жеңу емес, өзімнің өнерімді халыққа паш етіп, өнер осы халықтың арасында бар екенін білдіру мақсатында қатысып жатқаным бар. Мен жалпы Моңғолияның тумасы Байнүлке қаласы Сақсай ауылының тумасы боламын.

Жас өнерпаздар да белсенді. Шынәділ кастинг туралы Ұлттық арнаның Ютуб желісінен көріпті. Ол Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні мен Элвис Преслидің композициясын ұсынды.

ШЫНӘДІЛ СҮБӘДІЛ - ҚАТЫСУШЫ
Осы конкурсты алғаш рет мен Қазақстанның ютуб арнасын тіркелушімін, сол ютубтағы посттан көріп келдім. Осы 4-ші шілде Семей қаласында кастинг болады деп. Мен 16 жасымнан бастап өнерге қызықтым. Жалпы бүгін акапелла айттық ол өте күрделі болды мен үшін. Өйткені музыкамен айтып үйреніп қалғанмын. Мен Абай Құнанбаев атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» және Элвис Преслидің махаббат туралы әнін орындадым.

Гүлсағи Убушаеваның мамандығы мұғалім болса да, сахнаға деген сағынышы оны осы жобада бағын сынауға жетеледі.

ГҮЛСАҒИ УБУШАЕВА - ҚАТЫСУШЫ
Мұғалім болып жұмыс істеймін. Бірақта түсінгенім мен сахнаны сағынады екенмін. Шығып ән айтқым келеді көпшілікке, сондықтан да қатысып көрейін деп шештім.

Өнерге шын жүректен ғашық, талантын танытқысы келетін жандар жиналды. Облыстың аудандарынан арнайы келгендер де бар.

БАҚЫТГҮЛ ҚАЗЕЗ – СЕМЕЙ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ
Келіп жатыр кісілер көптеп келіп жатыр. Көбінесе аудандардан. Енді биыл Абайдың 180 жылдығы сонымен қатар Семей қаласы Абайдың туған жері көбісі осы Абайдың өлеңдерін орындап жатыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз мүмкін арасында болашақ жұлдыз бар шығар.

«Ұнайды маған» музыкалық шоуының іріктеу кезеңі – әр жастағы, әр өңірден келген өнерпаздарға өз дарынын дәлелдеуге берілген үлкен мүмкіндік. Қатысушылар қайталаусыз 2 әннен орындады. Бейнежазба Астана қаласына жолданады. Кәсіби мамандар іріктеуден өткізіп, келесі кезеңге өткендерге хабарласатын болады


АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА