Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Абай облысына есірткі жеткізудің Шу, Алматы және Павлодар қалаларынан келетін 3 тұрақты арнасын жойды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 303 келіден артық түрлі есірткі және психотроптық заттар алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық орталықтағы баспасөз мәслихатында полицейлер ақпараттандырды.

Қазіргі таңда 420 –астам жерлесіміз есірткі қолданатын адам ретінде есепте тұр. Бір қуантарлығы - кәмелетке толмағандардың қатысуымен есірткі қылмыстары тіркелген жоқ. Жергілікті полицейлер биылғы жылдың өткен 6 айында облыс бойынша 55 есірткі қылмысы және 61 құқықбұзушылық фактіні тіркеді. Анықталған есірткі қылмыстарының 44-і — есірткі және психотроптық заттарды өткізуге қатысты оның 30-ы аса ауыр санаттағы қылмыстар.

БЕРІКЖАН АБЫЛҒАЗИНОВ, ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Заңсыз айналымынан жалпы салмағы 303 кг. 087,8 гр. түрлі есірткі және психотроптық заттар алынды. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 213 кг артық. Оның ішінде марихуана – 282 кг астам, гашиш – 18 кг, психотроптық заттар – 1 кг , қара сора – 901 граммнан артық.

Солай бола тұрса да тәртіп сақшылары есірткіге қарсы күресті бір сәтке де тоқтатқан емес. Мәселе, 1 маусым мен 31 қазан аралығында аймағымызда «Қарасора-2025» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның алғашқы айының өзінде есірткіге қатысты 22 құқықбұзушылық анықталып, 155 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

БЕРІКЖАН АБЫЛҒАЗИНОВ, ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есепті кезеңде есірткі құралдарын Абай облысына жеткізудің Шу, Алматы және Павлодар қалаларынан келетін 3 тұрақты арнасын жойды. Есірткі қылмыстары үшін барлығы 19 адам қамауға алынды, оның 10-ы синтетикалық есірткі сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Тәркіленген есірткі мөлшерінің көбеюі – сырттан тасымалданатын арналардың есебінен болып отыр. Демек, қырағы полицейлердің құрығынан сытылып кете алмағандар ірі көлемдегі есірткі заттарымен қолға түсуде. Жыл басынан бері есірткі заттарын насихаттайтын немесе тарататын 652 сайттың жұмысы тоқтатылды. «Антифрод» жүйесі арқылы 618 карта-дроп анықталып, 67 миллион теңгеден астам қаржы бұғатталды.


Ермек Исабаев