Семейде педагогтердің эмоционалды интеллектісін көтеру тақырыбында мектеп басшыларына, оқу ісінің меңгерушілеріне арналған семинар-тренинг өтті. Жиында оқушылардың біліміне, қарым-қатынасына, дамуына назар аударылды. Әріптесім Аслан Ертісбаев толықтырады. Абай облысы құрылғалы педагогтердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Мерейлі ұстаз» жобасы іске асырылуда. Мақсаты – педагогикаға эмоционалды интеллектіні енгізу. Қазіргі таңда мұғалімдік қызметте үлкен эмоционалды қиындықтар кездеседі. Оларда психологиялық қажу басым. Мұғалімнің эмоционалды интеллектісі – балалардың үйлесімді дамуы үшін қажет. Осыған байланысты ұстаздарды қолдау бағытында, олардың өзін-өзі дамытуына бағытталған көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде педагогтер тек оқушыларға білім беріп ғана қоймай, қоғамды да тәрбиелеуші тұлға ретінде танылған.
Гаухар Төлеубаева - Абай облысы білім басқармасы облыстық инновациялық әдістемелік орталығының маманы
Бүгінгі күндегі негізгі актуалды тақырып эмоционалды интеллект десек, осыны педагогтарға да немесе педагогтардың интеллектісін көтеру мақсатында қарастырылып жатыр. Осығанға дейін өткізілген іс-шараларда өзіміздің білім беру ұйымдарындағы психолог мамандармен сол кісілердің тренингтері арқылы педагогтармен жұмыс жасалған болатын. Ал, бүгінгі күні өткізіліп жатқан іс-шараның ерекшелігі «Мерейлі ұстаз» жобасы аясында қаламыздағы жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастық аясында дәрістер өткізіліп жатыр пән педагогтеріне.
Психикалық процестердің маңызды құрамдас бөлігі - назар. Зейінді бөлу және ауыстыру қабілеті эмоционалды процестер мен реакция әдістеріне байланысты. Сондықтан эмоцияларын басқара білетін балаға назарын белгілі тапсырмаға, тақырыпқа аудару немесе зейінін дұрыс бағытқа бұру оңайырақ. Кездесуде мектеп басшылары, оқу ісінің меңгерушілері, тәрбие бөлімі бойынша әдіскерлер мен психологтар белсенділік танытты.
Гүлзат Сарбасова - ABU Педагогика және Психология кафедрасының аға оқытушысы
Әрбір педагогтің эмоционалды интеллектісінің арта түсуі, дамуы ол алдарында отырған әр білім алушы, оқушының біліміне, қарым-қатынасына жалпы дамуына, гумандық педагогиканың бір бағытын жүзеге асыруда бұл негізгі рөлді атқарады деп ойлаймыз. Жоғарғы оқу орны, мектеп ол әр уақытта бірлесіп жұмыс істеу керек. Себебі, біз өз тарапымыздан осындай эмоционалды интеллект бағытында қолдау көрсетсек, мен ойлаймын олардың кәсіби іс-әрекеттеріне бұл үлкен бір септігін тигізеді деген.
Семинар-тренингке қатысушылардың бірі – Бородулиха ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп директоры Балғын Нұрланқызы. Ұстаздық қызметте жүргеніне 25 жылдан асқан. Кез келген ұжымда психологиялық ахуал дұрыс болса ғана жұмыс алға басады, деген пікірде.
Балғын Бекетай – Бородулиха ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп директоры
Жалпы, кез келген ортада дұрыс психологиялық ахуал болуы керек. Ол дұрыс психологиялық ахуал қайдан басталады, ол көңіл-күйден басталады, эмоциядан басталады. Мектепке жақсы көңіл-күймен келген бала, сабақты да дұрыс қабылдайды. Жақсы көңіл-күймен келмеген баламен біз жұмыс жасауымыз керек. Ол бала назардан тыс қалмауы керек. Неге оның көңіл-күйі жоқ боп отыр немесе ол неге аса шектен тыс қуанышта отырса да балалар, жоғары көңіл-күймен отырса да, олардың кейде сабақта назары басқа жаққа ауып кетуі де мүмкін. Сондықтан орта теңдікті ұстау, сабаққа назарын аудару, берілетін мағлұматты дұрыс қабылдауына эмоционалды интеллектіні баса назарда ұстау міндет деп ойлаймын.
Жиын барысында педагогтер өзара пікір алмасып, тақырыпты талқылады. Алдағы уақытта мұндай семинар-тренингтер жалғасын табатын болады.
Аслан Ертісбаев