Семейде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Негізгі мақсат –қоқыс үйінділерінің көзін жою ғана емес, сонымен қатар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Ел көлеміндегі бастама бүгінде мемлекеттік экологиялық саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
Абай облысының әкімі заңсыз қоқыс мәселесін қатаң бақылауға алған. Қаланың тазалығын тек коммуналдық қызмет пен полиция емес, заманауи спутниктік бақылау жүйелері арқылы да қадағаланып отыр.
БЕКБОЛАТ МҰРАТОВ- ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
2025 жылы облыс бойынша жалпы 182 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталған болатын «Ғарыш Сапары» арқылы. Ол Семей қаласында, Жаңасемей ауданында, Аягөз ауданында, Бородулиха және Бесқарағай аудандарында тіркелген. Қазіргі таңда аудандар мен қалаларға хаттар жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басында Семей аумағында 58 қоқыс орны тіркелген еді. Оның 52-сі жойылып, қалғандары алдағы күндері тазаланады. Бұдан бөлек, қала маңынан тағы сегіз ірі қоқыс алаңы анықталған. Олар бойынша экология департаменті жұмыс жүргізуде.
ДАСТАН БУЛАНОВ-СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, елді тазалық ұстауға шақырған кезде, Қазақстанымыздың, біздің Семей қаламыздың әрбір полиция қызметкері халқымызды тазалыққа шақыруға міндетті. Себебі тазалық — мәдениеттің айнасы. Бәріміз бірігіп, тазалықты сақтасақ, қаламыз көркейіп, жандана береді.
Қоғамдық орындарды ластағандарға әкімшілік шара қолданылуда. Жыл басынан бері қалада 4800-ден астам құқықбұзушылық тіркелген.
ДАСТАН БУЛАНОВ-СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы жылдың басынан бері 4866 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 3 жағдай «Сергек» камераларымен анықталды. Нақты айтсақ, 505-бап бойынша 3155 хаттама рәсімделіп, 1 млн 612 мың теңге айыппұл салынды. 434-бап бойынша 1788 хаттама толтырылып, 70 млн 304 мың теңгеге айыппұл өндірілді.
Полиция дерегінше, «Сергек» камералары арқылы үш дерек анықталған. Айыппұл көлемі 10 АЕК-тен басталады. Ал бизнес пен мемлекеттік мекемелер үшін айтарлықтай қомақты қаржыға жетуі мүмкін. Акция аясында полиция қызметкерлері рейдтерді тұрақты жүргізуде. Учаскелік инспекторлар мен табиғат қорғау полициясы тұрғындарға ауланы, көшені және жұмыс орнын таза ұстаудың маңызын түсіндіруде.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА